«Футболшылардың қаржысы депозитте жүр». Әкімдік НЕГЕ үнсіз?
Осыдан біраз уақыт бұрын отандық бұқаралық ақпарат құралдарында «Тараз» ФК ойыншылары жалақыларының берілмегеніне наразылық көрсетіп жатыр» деген сарында ақпарат тарады. Артынша клубтың instagram желісіндегі парақшасында ол ақпаратты жоққа шығарған ресми хабарлама жарияланды. Екі түрлі баяндама, бір-бірін жоққа шығарған екі түрлі ақпар. Сонда кімдікі дұрыс?
«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегенді негізге алып, тақырыпты зерттей бастадық. Оған «Тараз times» газетінің басшысы Жарылқасын Нұралиевтің клуб жайлы желіге жазғаны себеп болды.
Фото: fctaraz.kz
Нұралиевтің жазуына қарағанда, футболшылардың айлықтан қағылуына бірден-бір себебі – бюджеттен бөлінген қаржы депозитке қойылған. Сол үшін жалақы уақытынан кешігіп төленеді екен.
Ал, клубтың ресми сайты 21 тамыз күні «Тараз» футболшылары жалақы мен сыйақыларын алды» деп жаңалық жариялады. Алғашқы сөйлемде «жинақталып қалған берешек сома» деген сөз бар. Клубтың басшылығы дәл осы жерден логикалық қате жіберіп, 2 ай қатарынан сыйақы бермегенін мойындағандай болды.
Мәселенің анық-қанығын білмекке «Тараз» ФК өзіне хабарластық. Телефон тұтқасын көтерген хатшы қыз «Кім? Не? Неге? Не үшін?» деген сауалдарына нақты жауап алғаннан кейін, «баспасөз хатшысы сізге өзі хабарласады» деді. Арадан бірер сағат өткенде бір азамат қоңырау соғып «Есімім – Шухрат, «Тараз» ФК баспасөз хатшысымын» деп өзін таныстырды.
Фото: fctaraz.kz
– Желіде «Тараз» ФК басшылығы футболшылардың жалақысын бермей, қаржының бір бөлігін депозитке салып қойған» деген сөз шықты. Осыған қатысты не айтасыз?
– Бұл туралы арнайы мәлімдеме жасадық. Ақпарат жалған.
– Мұндай дерек қайдан шықты?
– Жарков деген кісі ғой. Онымен де сөйлестім. Ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айттым. Бірақ, ол кісі мұның «сенімді дереккөзінен алынған ақпарат, оның кім екенін айта алмаймын» деп отыр.
– Нақты айтыңызшы, футболшылардың жалақысы ай сайын төленіп жатыр ма?
– Иә, ай сайын төленуде. Жалақы бойынша ешқандай қарыз жоқ. Ал, сыйақы бойынша екі ойын қалды. Ол алдағы айда толық төленеді.
– Яғни «басшылық футболшылар жалақысының бір бөлігін депозитке салып тастаған» дегенді жоққа шығарасыз ба?
– Әрине, бұл – фейк ақпар. Олай болуы тіптен мүмкін емес.
– Егер ақпарат жалған болса, жалған ақпарат таратқан адамды неге сотқа бермейсіздер? Қанша дегенмен клуб имиджіне кері әсерін тигізді ғой.
– Әзірге ақпаратты жоққа шығаратын 2 бірдей ресми мәлімдеме жасадық. Қалғанын уақыт көрсетеді.
Т.Тұрлыбай.
Клуб футболшылардың жалақысы мен сыйақысын кешіктіргені анық болды. Мұндай жағдайда таяқтың бір ұшы клуб директоры Талғат Тұрлыбайға тиеді. Директордың өзі әзірге ләм-мим демеді.
Талғат Тұрлыбай 2013 жылға дейін клубты басқарып, өз еркімен отставкаға кеткен. Ол кездегі тегі Апсаматов еді. Басшылыққа екінші рет тағайындалғанда Талғат Тұрлыбай болып қайта келді.
Баспасөз хатшысынан сыйақының неге уақтылы төленбегенін сұрағанымызда «бюджеттен қаражат түспеді, әкімдік бізге жібермей отыр» деп жауап берді. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, клубтың жылдық бюджеті 6,68 млн еуро екен. Клубтың негізгі иесі Жамбыл облысының әкімдігі болғандықтан олардан да пікір сұрағанды жөн көрдік.
Бұған жауапты департамент басшысы қызметке жаңа тағайындалғанын, бұл мәселеден бейхабар екенін айтты. Алайда «қол астымдағыларға «бұл сұрақ жауапсыз қалмасын» деп тапсырма беремін» деді.
Осыдан кейін тілшімізге әлдекім «инспектормын» хабарласып, ол да қол астындағыларға тапсырма бергенін ескертті. Бірақ бұдан соң ешкім хабарласпады. Соққан қоңырауымызға да жауап болмады.
Бұл мәселеге қатысты Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа ресми сауал жолданды. Егер ресми сауалға да жауап болмаса, шенділер «фейк» деп атаған ақпаратқа сенбеске лажымыз қалмайды.