20 Маусым 08:38

Еуропа чемпионаты: Португалия Германиядан бесінші рет жеңілді

Фото:

Футболдан Еуропа чемпионатының финалдық сатысының топтық кезеңі екінші турында Португалия мен Германия кездесті. 

Алматы, NEGE. Еске салсақ, аталған екі құрама F тобында сынға түседі. Қарсыластары – Франция мен Венгрия. Португалия мен Германия бұған дейін 11 мәрте кездесті. Оның 7-еуінде немістер жеңіске жетіп, 1-еуінде португалдар басым түссе, қалғанында тең нәтиже тіркелді. Бүгінгі кездесуде алдымен португалдық Криштиану Роналду 15-минутта есеп ашты. Одан кейін португалдар қатарынан Рубен Диаш 35, Рафаэл Геррейру 39-минуттарда өз қақпасына автогол соғып алды. Бұдан Германия құрамасынан Кай Хаверц 51, Робин Госенс 60-минуттарда мергендік танытты.

Ойынның 67-минутында португалдық Диогу Жота есеп айырмасын қысқартты. Кездесуде Германия қарсыласынан 4:2 есебімен басым түсті. Айта кетерлігі, Португалия соңғы рет Германияны 2000 жылы 3:0 есебімен жеңген еді. Содан бері аталған қарсыласына бес мәрте есе жіберді. Бүгін аталған топтағы тағы бір кездесуде Венгрия мен Франция 1:1 есебімен тең түсті. Бұл топтағы үшінші турда 23 маусымда Германия мен Венгрия, Португалия мен Франция жасыл алаңға шығады.

Тегтер: