Ербосынұлы мен Жаңабаевтың титулды жекпе-жегін қайдан көруге болады
Жексенбі күні, яғни 26 шілдеде Минскіде (Беларусь) кәсіпқой бокс кеші өтеді. Оған бес қазақстандық боксшы қатысады, деп хабарлайды Sports.kz порталы.
Алматы, NEGE. Аталған бокс кешінде Айдос Ербосынұлы (13-0, 9 КО) мен Нұрсұлтан Жаңабаев (8-0, 5 КО) титулдық жекпе-жек өткізеді. Неміс боксшысы Нуху Лавальге (27-6, 15 КО) қарсы өтетін айқаста Ербосынұлы супер орта салмақтағы WBO Global, WBC Asia және WBA International белбеуін қорғайды. Жаңабаев жартылай орта салмақта француз боксшысы Сэнди Мессаудаға (13-6, 1 КО) қарсы шығып, WBA Inter-Continental, WBO Oriental және IBF Pan Pacific белбеулерін сарапқа салады. Сонымен қатар бұл бокс кешінде Нұрсұлтан Аманжолов (2-0, 1 КО) пен дебютанттар Бек Нұрмағанбет және Евгений Павлов шаршы алаңға шығады. Минскідегі бокс кешін «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде тамашалауға болады. Ол 26 шілде күні Нұр-Сұлтан уақытымен 21:00-де басталады.