2 Желтоқсан 14:55

Елордадағы Жекпе-жек сарайына Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді

Фото:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен әрі қолдауымен Елордадағы Жекпе-жек сарайына ресми түрде даңқты балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді.

Алматы, NEGE.  Бұл шешімнің қалай қабылданғаны туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-те егжей-тегжейлі баяндап, жазды.

"Осыдан бірнеше жыл бұрын осы Жекпе-жек орталығының іргетасы қаланып жатқанда Жақсылық ағамыз үлкен ұлы Жандоспен бірге құрылыс басталғалы жатқан жердің жанынан өтіп бара жатады. Енді ғана қазығы қағылып жатқан жерге қарап: "Осы қазаққа, қазақтың спортына, қазақтың күресіне бір кісідей ақ еңбек сіңірдім деп ойлаймын. Әсіресе, Одақтың даңқы дәуірлеп, біздің ұлттың өкілдерінің бәйге алмақ түгіл, өзгемен тең тұруының өзі мұң болып тұрған шақта Олимпиаданың жүлдесін жұлып алдым. Онымды бүгінгі қазаққа міндет қылмаймын, әрине. Ол кезде жастықтың буымен білінбеген де екен. Қазір ойлаймын, әлі күнге өзімнің ізімді басатын жігіттердің шықпағанына қарағанда, сол 80-дегі Олимпиада маған да оңайға соқпаған екен ау деп. Енді бір арманым бар, шіркін осы Жекпе- жек орталығының құрылысы бітіп, менің атымды берсе ғой, арман жоқ еді ау" деген екен. Жандос: "Ой, әке ай, бұл қай уақытта салынып бітеді дейсіз? Оған дейін кім бар, кім жоқ? Қандай шешім қабылданады? Білмейміз ғой..." деп қоя салады. Жақсылық ағамыз бақилық болып кеткеннен кейін жоғарыдағы әңгіме Мемлекет басшысына жетеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы бірден қолдайды. Тиісті орындарға тапсырма береді. Сөйтіп, күні кеше ғана Үкіметтің ресми Қаулысы шықты. Жекпе-жек сарайы ресми түрде Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың атымен аталатын болды. Балуан ағамыздың аруағы разы болсын! "Ер есімі, ел есінде" деген осы! Айтпақшы, жоғарыдағы әңгімені айтып берген, осы үлкен шаруаға қозғау салған Үшкемпіров Жандос Жақсылықұлы, қазір осы Жекпе-жек сарайының директоры. Кеше Үкіметтің Қаулысы шыққаннан кейін Жандос құрдасым хабарласып, сүйінші сұрап, ақжолтай хабарын жеткізді. Мен де осы қуанышты өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдім", -  делінген жазбада.

Тегтер: