30 Шілде 19:29

Допинг дауы: Спортшыларымыз медальдарынан қағылып қалмай ма?

Фото:

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Токио Олимпиадасына қатысқан ауыр атлеттерге қатысты сарапшылар пікір білдірді. 

Бұған дейін ауыр атлетикадан Олимпиада чемпиондарынан допинг анықталып, медальдарын қайтарып бергені белгілі. Қазіргі таңда допингке байланысты мәселе жоқ па? Федерация өкілдері өздеріне қаншалықты сенімді?

Nege.kz тілшісі жолдаған сауалдарға Ауыр атлетикадан ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсірұлы жауап берді. 

Оның айтуынша, Қазақстан тарапы допинг айналасында шыққан дауды мойындамайды. 

«2016 жылғы Олимпиаданың алдында допинг дауы қатты әсер етті. Қазақстан ауыр атлетика федерациясы тарапынан үлкен істер атқарылған. Спортшыларға қатаң тыйым салынып, бақылауға алынып, кешенді іс-шаралар жүргізілген. Соған байланысты 2016 жылдан бастап ешқандай допинг қолдану, допинг ережесін бұзу көрсеткіштері болған жоқ. Сондықтан біз екі спортшымызды ереже бұзды, қателік жасады деп ойламаймыз», – деді Меңдіхан Тәпсірұлы.

Сонымен қатар, жаттықтырушы легионерлерге қатысты қойған екінші сұрағымызға төмендегідей жауап берді: 

«Жасыратыны жоқ, біз бұрындары Ресейден, Әзірбайжаннан және басқа елдерден кейбір салмақ бойынша спортшыларды шақырған болатынбыз. Себебі бізде жеңіл салмақта қыздар арасында ауыр атлетикадан көрсеткіштер нашар еді. Сол үшін біз легионерлерді шақырып, деңгейді көтеру мақсатын ойладық. Біздің ол мақсатымыз орындалды. Қазір жасөспірімдер жеңіл салмақта да бар, әйелдер арасында да ауыр атлетика қарқынды дамып келеді. Енді сырт жақтан спортшы шақыру бізге қажет емес. Алдағы уақытта Федерация тарапынан ондай жоспар жоқ».

Тегтер: