12 Қаңтар 19:54

Бублик Анталия турнирінің финалына шықты

Фото:

Қазақстанның бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Бублик Анталия ATP 250 турнирінің финалына шықты.

Алматы, NEGE. Осы доданың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 72-орында тұрған франциялық Жереми Шардимен күш сынасты.

А.Бублик 23-те болса, спорттық жолында 2009 жылы Штутгартта үздік шыққан тәжірибелі қарсыласы одан тура 10 жасқа үлкен еді.

Бірінші партияда қазақстандық спортшы 5:2 есебімен алға кетті. Содан кейін сетке доп бергенімен, Ж.Шарди брейк жасай алды.

Дегенмен А.Бублик екінші мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4. Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Бублик брейкке қол жеткізіп, сосын өз геймін де алды – 3:1.

Әйтсе де Шарди қарымта қайтарып, өзі алға шықты – 5:4. Тай-брейкте Жеремидің жолы болды – 7:6 (7:4).

Үшінші, шешуші партияда есеп 4:3 болған мезетте Бублик брейк жасап кетті. Содан кейін матчты жеңіспен түйіндеді – 6:3.

Тартысты бәсеке 2 сағат 5 минутқа созылды. А.Бублик финалда әлемнің 23-ракеткасы, аустралиялық, 21 жастағы Алекс де Минаурмен чемпиондық атақты сарапқа салады.

Аустралиялық теннисші жартылай финалда әлемнің 16-ыншы, осы жарыстың 2-ракеткасы, бельгиялық Давид Гоффенді 6:4, 3:6,6:2 есебімен ұтты.

Жастығына қарамастан, А.Минаур – ATP турнирлерін үш мәрте ұтқан спортшы. А.Бублик әзірге ондай табысқа қол жеткізе қойған жоқ. Финалдық матч 13 қаңтар күні өтеді.

Тегтер: