Astana Open: Кукушкин есе жіберді
Қазақстандық Михаил Кукушкин Astana Open ATP 250 турнирінің жартылай финалына өте алмады.
Алматы, NEGE. Әлемнің 91-ракеткасы М.Кукушкин ширек финалда рейтингте 98-орында тұрған 21 жастағы финляндиялық Эмил Руусувуоримен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда бастап доп берген фин спортшысы есеп 3:2 болған мезетте брейк жасап кетті.
Содан кейін осы басымдылығынан айырылған жоқ – 6:3. Екінші сетті Э.Руусувуори қос брейкпен бастады – 4:0.
Сосын матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:1. Бәсеке 1 сағат 20 минутқа созылды.
Фин теннисшісі финалға шығу үшін әлемнің 39-ракеткасы, франциялық Адриан Маннариномен таласады.
Ол ширек финалда америкалық Маккензи Макдональдты 6:1, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Екінші жартылай финалда америкалық Фрэнсис Тиафо мен аустралиялық Джон Миллман кездеседі.