6 Тамыз 09:10

Алтын-күміс тас екен, қола медаль ас екен...

Фото:

Жаһанның назары ауып отырған Токио Олимпидасы қазақ елі үшін сәтсіз өтіп жатыр. Рио олимпиадасында 22 орын алған еліміз бұл жолы 7 қоламен 76-шы орында тұр. Бұған кім кінәлі?

Әрине, Ақтоты Райымқұлова басқаратын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі. Жапониядағы жеңілістерлен кейін Ақтоты Рахметоллақызы өз еркімен отставкаға кете ме, жоқ әлде «Сен тимесең, мен тиме бадырақ көз» деп отыра бере ме? 

Бұған дейінгі олимпиадаларда алтынсыз келмейтін боксшыларымыз бұл жолы 2 қоламен шектелді. Ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосыновтың ең биік шыңы «үшінші» орын болды. Белгілі бапкер Тұрсынғали Еділовтің айтуынша, боксшыларға Үкімет тарапынан барлық жағдай жасалған. Спорттық базадан бастап, ақшаға дейінгі мәселе оң шешілген. 

"Бокс державасы болу жолында қаншама жұмыс істелді. Бірақ Токио олимпиадасында алтын тұрмақ күміске зар боп қалдық. Сондықтан да бокс саласындағы олқылықтарды түзеп, көп нәрсені өзгерту керек. Мырзағали Айтжанов бас бапкерлігін пайдаланып, Біржан Жақыпов пен Қайрат Ерғалиевты сүйремеуі керек еді" - дейді, Тұрсынғали Еділов.

"Бас бапкер өзінің шәкірттеріне қарай ма, жоқ әлде бүкіл құрамаға мән бере ме? Кезінде Олимпиадаға өз шәкіртім болған Марат Мәзімбаевты емес, Бекзат Саттархановты апардым. Негізі елдегі жекпе-жекте Марат Бекзатты ұтты. Бірақ біз Саттархановтың көзіндегі отты көріп құрамаға алғанбыз"

«Спортшыны басшылық қызметке апарған дұрыс емес»

Қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова отставкаға кетсін деген әңгіме айтылып жатыр. Алайда аталған министрмен қатар Спорт және дене шынықтыру комитетінің басшысы Серік Сәпиев те қызметінен кету керек секілді. Себебі Серік Жұманғалиұлы тамаша боксшы болғанымен тиімді басшы бола алмады. 

Серік Сәпиев Лондон олимпиадасындағы финалдық жекпе-жегінде. Фото: ticketon.kz

Жалпы Серік Сәпиевтің комитет басқаратындай потенциалы бар ма? Сондай-ақ олимпиадада жүлде алды екен деп спортшыны депутат, басшы ету қаншылықты дұрыс? "Потенциал бар ма, жоқ па деген сұраққа дөп басып жауап беру қиын. Бірақ басшылыққа қоймас бұрын пісіріп, үйрету керек еді. Комитетті Серік емес, басқа біреулер басқарып жатыр", - деп жалғастырады, Тұрсынғали Еділов.

"Ал енді олимпиада жүлдегерлерін басшылыққа әкелу Ресейден жұқты. Біздің биліктің Ресейге қарап бой түзейтіні белгілі емес пе? Көрші елдің мықты спортшылары депутаттан бастап әртүрлі басшылыққа тағайындалып жатады. Негізі депутат деген өз ойын еркін жеткізіп, заң қабылдауға қабілетті адам болуы керек. Олимпиадада жүлде алды екен деп кез келген спортшыны басшылық қызметке апара берген дұрыс емес"

Серік Сәпиев Токиодан кейін жаттықтырушыларды жазалайтынын БАҚ беттерінен айтып қалған болатын. Ал оның өзін кім жазалайды? Енді спорт мамандары «Серік Сәпиевте тұрған ештеңе жоқ. Барлық тізгін Тимур Құлыбаев басқаратын Ұлттық Олимпиада комитетінде» деп спорт шенеуігіне шаң жуытпай жатыр.

«Қазақта спорт ғылымы болмағандықтан ұтылып жатырмыз»

Белгілі қаламгер, спорт тарихшысы Қыдырбек Рысбектің айтуынша, Токиодағы жеңілістің тамыры тым тереңде. Нақтырақ айтсақ ол тәуелсіздік алған 30 жылда елде спорт ғылымы қалыптаспағанына назар аударады. "Мәселен спортшының қазақ дәстүріне сай тамақтану жүйесі қалыптасқан жоқ. Мәдениет және спорт министрілігінің жанынан ғылыми зерттеу институты құрылу керек еді", - дейді, спорт тарихын зерттеп жүрген маман.

"Ұзын сөздің қысқасы, қазақ спорты ғылыммен қаруланбаған. Ал қазір дүниежүзінің спорты сараптама, биохимия, физиология, биология сынды ғылымға айрықша назар аударып жатыр. Токио олимпиадасында жапондар дзюдодан қырып алтын алды. Себебі оларда дзюдодан ғылыми зертеу институттары мен академиялар жұмыс істейді. Біз бұған дейін «Қазақтың спорт ғылымын дамыту керек» деп талай рет жаздық. Өкінішке қарай біздің ұсынысымызға құлақ асқан жан болмады. Біз спортшыларымыздың нашарлығынан емес, қазақта спорт ғылымы болмағандықтан ұтылып жатырмыз. Грек-рим мен дзюдоға жігіттер салбырап шығады. Егер олар ғылыми негізде дайындалып шықса, жұлқынып тұрған болар еді"

Расында, спорт саласында ғылыми зерттеу институтының маңызы зор. Бұл маңызды салаға Мәдениет және спорт министрілігінің назар аудармай жүргені өкінішті. 

«Спортты қадағалайтын мемлекеттік мекеме керек емес»

Ал «Қазақстан барысы» жобасының авторы Арман Шораевтың ойы мүлде өзгеше. Оның айтуынша, біздің спорт спортты қадағалайтын мекемелер жойылғанда ғана дамиды. Серік Сәпиев болсын, Геннадий Головкин болсын, тіпті одан да мықты адам комитетті басқарса да ешқандай пайда келмейді. "Бізге спортты қадағалайтын мемлекеттік мекеме түкке керек емес. Спортқа бөлініп жатқан миллиардтарды бұқаралық спортты дамытуға жұмсау керек. Әр облыстан балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге арналған үйірмелер ашып, ақша бөліну керек", - деген пікірде, Арман Шораев.

"Егер біз бұқаралық спортты дамытатын болсақ, бокс және өзге де спорт түрлеріне қызығушылық артар еді. Мәселен қазір он отбасының екеуінің ғана баласын бассейнге апаруға жағдайы жетеді. Ал біз спортқа қызыққан әр балаға жағдай жасауымыз керек. Осы кезде спорт саласында бәсеке болып, дарынды азаматтар қалыптасады. Біздің дарынды балаларымыз Серік Сәпиев, Геннадий Головкин сияқты боксшы болар еді"

Арман Шораев спорт саласына бөлініп жатқан ақшаның 90 пайызы балаларға жұмсалса ғана жақсы нәтиже шығатынын айтады. Жалпы қазақ спортында мәселе шаш етектен. Тәжірибесі аз адамды басшылық қызметке қоюдан бастап, спорт ғылымына ден қоюға дейін мың сан мәселе бар.

Токио олимпиадасындағы жағдай спорт саласында жіберген қателіктерді түзеуге мүмкіндік береді деп сенеміз.

Тегтер: