14 Қаңтар 18:48

«Ақтөбе» клубына жаңа бапкер келді

Фото:

Ресейлік маман Владимир Маминов «Ақтөбе» клубының бас бапкері ретінде жұмысқа кірісті.

Алматы, NEGE. «Ақтөбе» футбол клубы мәлім еткеніндей, В.Маминовпен келісімшартқа қол қойылған. Команда құрамын жасақтай бастаған жаңа бас бапкер «Ақтөбемен» бірге жуырда Түркияда өтетін бірінші оқу-жаттығу жиынына аттанатын болады.

В.Маминов футболшы ретінде мәскеулік «Локомотив» құрамында 1992-2008 жылдары доп тепті. Өзбекстан құрамасында да ойнаған 45 жастағы В.Маминов бапкерлік мансабын «Локомотивте» бастап, бас бапкердің көмекшісі болды. Уақытша бас бапкерлік міндетін атқарған ол кейін Қазанның «Рубин» клубына ауысты.

2014 жылдан бастап «Химки», «Солярис» (Мәскеу), «Тюмень» клубтарын бас бапкер ретінде жаттықтырды.

Кезінде бес мәрте ел чемпионы, үш реттен күміс және қола жүлдегер атанған «Ақтөбе» өткен маусымда премьер-лигадан түсіп қалған болатын. Биыл В.Маминовтың жетекшілігімен оған қайта оралуды мақсат ететіні сөзсіз.

Тегтер: