24 Қазан 10:54

«Ақсу» футбол клубы Қазақстанның премьер-лигасына шықты

Фото:

Жергілікті футбол клубы Ақсу қаласының 60-жылдығына орай Павлодар облысының барлық тұрғындарына керемет сыйлық жасады. Аяқдопшылар Көкшетаудың «Оқжетпес» клубын ойсырата ұтып, Қазақстан премьер-лигасының келесі маусымына жолдама алды.

XXI турдың ойыны Павлодар қаласының орталық стадионында өтті. Есеп матчтің 18-минутында «Ақсу» Мирас Тұрлыбектің он бір метрлік белгіден соққан добымен ашылды. Көкшетаулық футболшылар екінші таймда есепті теңестірді. Қонақтардың сапындағы белсенді ойыншы Руслан Болов 57-ші минутта соғылған екінші голдың авторы атанды. 69-шы минутта «Ақсу» тағы да алға шықты. Сыртқа шыққан допты алаңға енгізу кезінде жартылай қорғаушы Демият Сламбеков сәтті ойнады. 76-шы минутта Анатолий Красотин ақсулықтардың басымдығын бекітіп, есепті 3:1-ге жеткізді. 

«Окжетпес»-ті жеңгеннен кейін «Ақсу» футбол клубы 47 ұпаймен еліміздің бірінші  дивизионындағы алдыңғы орнын сақтап қалды. Осылайша, Павлодар облысының командасы келесі маусымда Қазақстанның премьер-лигасында ойнайтын болады.

Сондай-ақ, қала күнінде ең керемет сыйлыққа 80 отбасы ие болды. Оларға пәтер кілттері табысталды. Жаңа үйге қоныстанушылардың арасында жетімдер, көп балалы отбасылар мен көптеген жылдар бойы өз баспанасына ие болуды күтіп жүргендер бар.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қала тұрғындарын бірден екі мерекемен құттықтады. Өңір басшысы Ақсу шаһары кішігірім жұмысшылар кентінен аз уақыт ішінде әрбір алтыншы қазақстандықты электр қуатымен қамтамасыз ететін және республиканың ірі металлургия орталықтарының бірі болып саналатын даму қарқыны жоғары моноқалаға айналғанын атап өтті.  

– Бүгінгі таңда біз қалада және оның ауылдық аймағында әлеуметтік мәселелер, әсіресе, жұмыспен қамту және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері шешіліп жатқанын көріп отырмыз, – деді әкім. – Әрбір жаңа қоныстанушыны қала күнімен және жеке баспанаға ие болуымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерді жаңа пәтерлерде қуанышты оқиғалар мен бақытты сәттер күтеді деп сенемін.

Сонымен қатар, Ақсудың 60 жылдығына орай қалада аттас аллея пайда болды. Қазақстанның мемлекеттік рәміздері алаңына 60 шырша мен терек отырғызылды. Шараға ардагерлер, қаланың құрметті азаматтары мен белсенді жастар қатысты.

Тегтер: