31 Желтоқсан 21:40

2021: Қазақ спортының бір жылы

Фото:

Пандемия жаһандық спорттың дамуын бәсеңдеткен сыңайлы. «2021 жылы көп дода бұрынғысындай немесе жоспарланғандай өтті» дей алмаймыз. Бір жағы қиындықты жеңіп шыққан нағыз спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді.

Қазақстандық спорт шеберлерінің арасында сиыр жылы айтарлықтай нәтиже көрсеткендер баршылық. Жыл бойы спортшыларымыздың жеңісі мен жеңілісін, қазақ спортының кенжелеп жатқан тұсын көзі қарақты оқырманға сараптап, саралап жеткізуге тырыстық. Енді соларға бір шолу жасап, жылды қорытындылайық. 

Қазақ баласы «спорт» десе, көз алдына ең бірінші бокс келеді.

Намысты қорғап, былғары қолғап

кигендер де, қазақ боксы да осы жылы екі шақты бастан өткерді. Оның бірі құлдырау, екіншісі қайта аяққа тұру. Дубайда өткен Азия біріншілігінде қазақстандық боксшы қыздар сегіз алтын алып, мерейімізді өсіріп тастаған еді. Жігіттерден де осындай қарқын күттік. Финалға жолдама алған бес боксшымыз осал жаңғақ емес-ті. Бірақ, қанжығаға тек күмістер мен қола байланды. Осыдан кейін қазақ боксына айтылар мін мен тағылар сын еселеп артты. Бір кездері ұлттық құраманы баптаған Тұрсынғали Еділовке бокстың жай-күйін білмекке арнайы хабарластық. Токио Олимпиадасының алдындағы бұл жеңілістің мәнін сұрадық.

Сол кезде білікті маман Азия біріншілігіне барудың қажеті шамалы деген-ді.

«Жарақат алу қаупі бір басқа, үлкен доданың алдында боксшылардың психологиясына сақ болған жөн. Кешегі сайыс оларға қатты соққы болып тиді. Жеңіліс оңай емес», – деді Т.Еділов. 

Шынымен де Еділовтің айтқаны айдай келді. Төртжылдықтың басты додасы – Токиодағы жазғы Олимпиада ойындары қазақстандық боксшылар үшін тым сәтсіз болды. Жұрт жүлде күткен былғары қолғап шеберлері финалға өтпек түгілі, бастамай жатып жарыс жолынан шығып қалды. Бокстан алтын күткен елдің үміті ақталмады. Сол кезеңде «Қоржын тола – қола!» деп арнайы мақала да жаздық.  «Қола дәуірі»: Токио Олимпиадасының айтылмаған жыры атты жазбада қазақ боксының сәтсіздігін тарқаттық. Осының бәрі жігіттерге сабақ болса керек, Олимпиададан кейінгі әлем біріншілігінде қазақ бокс стилін таныта алдық. Бір жағы Ұлттық құраманың Бас бапкері де ауысты, жаңа команда жасақталды. Былғары қолғап киген батырлар ішінен Сәкен Бибосыновқа, Махмұд Сабырхан мен Қамшыбек Қоңқабаевқа өтіп бара жатқан жылда ел ықыласы ерекше ауды. Демек, олар жыл үздіктері деген атқа әбден лайық. 

Кәсіпқой бокс та қазақтың оң жамбасына келіп тұр. Головкин бастаған сабаздарды бокс мамандары ғана емес, әлем халқы танып, біле бастады. Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусінов, Садриддин Ахметов, Али Ахметов сынды нағыз шеберлер үшін осы жыл сәтті өтті деуге болады. Қанат Исламның қапыда титулынан айырылып қалғаны болмаса кәсіпқой бокстағы қазақстандықтар арасында тұрақты даму байқалады. 

Осы жылы спорт тақырыбында

назарымызға іліккен, ел ішінде талқыланған

тағы бір тақырып – ауыр атлетика. Жылдың басты додасы Токио Олимпиадасына аттанған екі зілтеміршіміз де жүлдесіз қайтпады. Федерацияға сол үшін алғыс айтамыз. Бірақ, қапыда қаза болған Альберт Линдердің өлімі мен оның бауыры Семен Линдердің мәлімдемесі Токиодан жеткен сүйінші хабардан да тез тарады. Шуы біразға дейін де басылмады, тіпті, әлі де оқтын-оқтын айтылып жүр. Линдердің өлімінен кейін Федерацияда толассыз ауыс-түйіс басталды. Біздіңше, толық реформа керектей-ақ! 

Сүйінші хабарлар легі әлі алда деп ойлаймыз. Өйткені, президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарламалар дайындау керегін айтқалы бері қазақ спортының бір тынысы ашылғандай болды. Алдағы 3-4 жылдың ішінде жаңа лек жаңа леп алып келетінене кәміл сенімдіміз. 

Тегтер: