27 Қазан 18:31

«1-1-1». Ермахан Ыбрайымов әлем чемпионатынан боксшылардың қанша медаль алатынын айтты

Фото:

Бокстан Сербияда өтіп жатқан әлем чемпионатын қазақ боксшылары сәтті бастады. Қайрат Сәтжанов жаттықтыратын оғландар осы жолы үдеден шыға ала ма? Жаңа бапкер мен жаңартылған құрамадан қандай нәтиже күтеміз? Nege.kz тілшісі Сидней Олимпиадасының чемпионы, боксшы Ермахан Ыбрайымовпен тілдесті. 

– Әңгімемізді Бибосыновтан бастасақ. Шаршы алаңда өзін ұстауы, өрнекті ойын көрсетуі – бәрі сауатты. Бірақ, жекпе-жек алдында сарапшылардың дені Досматовқа басымдық берді. Сәкен айқын басымдықпен, былайша айтқанда, ойқастап жүріп ұтты. Бибосынов бабында ма, әлде Хасанбойдың бағы тая бастаған ба?

– Сәкен шеберлігін Токио Олимпиадасында көрсетті. Өзін дәлелдеді. Ол Олимпиадада британдық боксшыдан жеңілген жоқ. Ол жерде төрешілер де кінәлі емес. Бәрін компьютер шешіп кетті. Бір төреші британдыққа, бір төреші Бибосыновқа ұпай беріп, 3:2 есебімен қарсыласына жеңіс бұйырды. Ал британдық оп-оңай Олимпиада чемпионы болып шыға келді. Негізінде, Бибосынов Олимпиада чемпионы болуға лайықты еді. Бола алмады, бермеді. Бұл жолы әлем чемпионы болсам деген ойы барын білемін және чемпион болатынына сенемін.

Бибосынов пен Досматов. Фото: prosports.kz  

Досматовқа келсек, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогын алғаннан кейін қандай нәтижеге жетті? Ешқандай! Хасанбойдың кәсіби боксқа ауысуға құлқы бар сияқты. Меніңше, сол жаққа ертерек ауысып, кетіп қалғаны дұрыс.  Ал біздің Бибосыновтың әлем чемпионы болуға толық мүмкіндігі бар. 

– Ұлттық құрама сапына жаңадан келген, Белградта жүрген боксшылар жайлы не айтасыз?

– Бас бапкер ауысты ғой, сонымен бірге құрама да қайта жасақталды. Бұрынғы құрамнан Бибосынов, Теміржанов және Жүсіпов қана қалды. Қайрат Сәтжанов өзімен бірге жаңа леп алып келді. Құраманы жас боксшылардан жасақтады. Сәтжанов ол боксшылардың бәрін жеке-жеке жақсы таниды. Өйткені, әрбірін жастар арасында жүргенде ұлттық құрама үшін дайындап, өзі де бас бапкер болып келді. 

Жаңа құрамда 33 жастағы бір ғана «ардагер» боксшы бар, ол – Теміртас Жүсіпов. Ол Мәскеуде өткен әлем чемпионатында чемпион болып, соның екпінімен құрамаға қосылып кетті-ау...

Жас боксшылар бұл жолы командаға іліге алмай қалса керек. Жастар арасында да жеңіл салмақта жақсы боксшылар болған. Жеңіл салмақта жастардың өнер көрсеткені дұрыс. Бірақ, бұл да бас бапкердің тактикасы, өзіндік көзқарасы болуы мүмкін. Бір жағынан  командада тәжірибесімен бөлісетін бір «ардагердің» болғаны жақсы. 

Теміртастан басқаның бәрі жас, құрамадағы жігіттердің бәрін жақсы білемін. Лайықты жігіттер. Қайрат Сәтжанов керемет мүмкіндік берді. Егер олар осы додада өздерін көрсете алмаса, бапкер бұл жігіттермен қош айтысуы мүмкін. Өйткені олардың ізін басып келе жатқан 2001-2002 жылғы талантты боксшылар бар.

  

– Спорт сөзімен болжам қатар жүретін болды ғой. Сіздің тәжірибеңіз жетерлік, осы біріншілікте қандай жүлде аламыз?

– Өздеріңіз білесіздер AIBA боксшыларды 13 салмаққа бөліп, санды көбейтті. Бұл жаңа таланттардың танылуына үлкен жол ашады. Мен AIBA мүшесі ретінде президентімізге кеңес беріп, әлем чемпионы болған боксшыларға сыйақы табыстайық дедім. Өзге спорттың бәрінде сыйақы тағайындалады, ал бокс шеберлері тек чемпион атағын алып жүрді. Былғары қолғап киіп алып, бір-бірін тоқпақтап жатса да тиын-тебен берілмейтін. Ақшаның бәрі кәсіпқой бокста, әуесқойда түк жоқ дегенді Умар Кремлёв іліп алып кетті де, тәп-тәуір сыйақы тағайындады. Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры – 2,6 млн АҚШ доллар. Жеңімпаз 100 000 доллар алса, күміс жүлдегер 50 000, қола жүлдегер 25 000 доллар алады. 

– Бұдан кейін бәсекелестік еселеп артатын шығар?

Бәсекелестік те артады. Содан кейін жігіттерге стимул болды. Бір жағы Қазақстан бокс федерациясының басшысы Кеңес Рақышов та қарап қалмайды деп ойлаймын. Біздің жігіттер чемпион болып жатса, ол да сыйақысын тағайындай жатар. Мұның бәрі боксшыларға материалдық жағынан тәуелсіз болуы үшін үлкен көмек. Отбасын асырауға, ата-анасына көмектескенге бұндай қаржыны бизнесте жүріп те табу қиын. Жігіттерге жақсы мүмкіндік беріліп жатыр.

– Қайрат Сәтжанов жайлы айттыңыз. Ұлттық құраманы Ғалым Кенжебаев баптаған тұста, қандай кемшіліктер болды? Жігіттер Азиядан, Жазғы Олимпиада ойындарынан алтынсыз қайтты...

– Біз бокс мамандары бір бапкерді шығарып салып «ол осындай болды, мынадай болды» деп айтқан емеспіз. Айтпаймыз да. 

– Кемшілігі неде болды?

– Кемшілігі болғанда сәтсіздік болғаны рас. Бірақ, Кенжебаевтың еш кінәсі жоқ. Айтады ғой, біздің бокс ерте ме кеш пе осындай дағдарысқа ұшырауы керек еді. Сол дағдарысымыз Ғалым Кенжебаев басшылық еткен кезеңмен, Токио олимпиадасымен тұспа-тұс келіп тұр.

Қазақстан құрамасы байрақты бәсекелерге жан-жақты дайындалып баратын, бұл жолы әлемдік пандемия да әсер етті ғой деп ойлаймын. Кенжебаевты кінәлауға болмайды. Ол қазір жастар арасындағы құрама команданы қолға алды, Сәтжанов жастардан ересектер арасындағы ұлттық құрамаға ауысты. 

– Ұлттық құраманың бас бапкері баптаған боксшылар осы біріншіліктен қанша медаль алып келсе «Сәтжановтың тактикасы шықты» дей аламыз?

– Мен өзім бас бапкер болдым, біздің бокста бір жақсы болжам бар. Журналистер соны біздің кеңірдегімізден шығарғанша қоймайды ғой.  

– Оқырман да соны білгісі келеді. Сонымен осы біріншілік жайлы болжамыңыз қандай?

– Әрине, оқырман да білгісі келеді. Әйтсе де, халық алдында, басшылардың алдында «1-1-1» деген «фирменный» уәдеміз бар. Ол – бір алтын, бір күміс және бір қола. Кем дегенде осынша жүлде қоржынға түсуі керек. Болжам дәл келсе, Сәтжановтың тактикасы сәтті, балалары бабында деуге толық негіз бар. 

Тегтер: