Спорт министрлігі мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың мәселесі шешілгенін хабарлады
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәнерлеп сырғанаудан Милан қысқы Олимпиадасының жеңімпазы Михаил Шайдоровтың келісімшартқа қатысты мәселесі бойынша ресми мәлімдеме жасады.
Астана, NEGE. Вице-министр Михаил Шайдоров пен командасы келісімшартқа қол қойғанын мәлімдеді.
«Қол қою рәсімінің барлығы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өтті. Тараптар ортақ мәмілеге келіп, келісімшарттың барлық тармағын жан-жақты талқылады. Құжатқа қол қойылғаннан кейін министрлік оны жұмыс тәртібімен қабылдады. Алдағы уақытта келісімшартта көзделген барлық қаржы толық көлемде төленеді», – деп атап өтті Серік Жарасбаев.
Сондай-ақ ол 5 маусымда Михаил Шайдоровтың жаңа маусымға дайындық үшін АҚШ-қа аттанатынын, сапар алдында Туризм және спорт министрлігінде спортшымен кездесу өтетінін хабарлады.
«Кездесу барысында алдағы жоспарлар мен келесі Олимпиадаға дайындық мәселелерін талқылаймыз. Сонымен қатар елімізде мәнерлеп сырғанауды дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде де пікір алмасамыз», – деді вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Милан қысқы Олимпиадасында алтын медаль алғаннан кейін өзіне жалақы төленбей жүргенін, бұл жағдай өзінің Туризм және спорт министрлігін сынағанынан кейін басталуы мүмкін екенін айтқан еді.
Михаил Шайдоровтың жалақы алмай жүргені қоғамда қызу талқыланды.
Бұл жайтқа Спортты дамыту дирекциясы ресми түсініктеме берді. Онда Шайдоровқа 2026 жылғы қаңтар және ақпан айлары үшін жалақы бұрынғы келісімшарт бойынша толық төленгенін, наурыз айынан бастап жаңа еңбек шарты жасалуы керек болғанын жеткізді.
Көп ұзамай спортшының өзі желіде мән-жайды баяндап берді. Оның айтуынша, 2026 жылға арналған жаңа келісімшарт мамыр айының ортасында ғана талқылана бастаған. Осы жылдың соңына дейін ғана күшінде болатын келісімшартта 2030 жылғы Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алу міндеттемесі көрсетілген. Спортшы командасымен осы қисынға келмейтін тармақты заң тұрғысынан қайта қарауды өтінген, алайда министрлік тарапынан еш жауап болмаған.