Сотты болған Біртанов пен Әлназарова суретке түсті
Денсаулық сақтау министрлігінде өткен жиында бұрынғы министр Елжан Біртанов төбе көрсетті.
Астана, NEGE. Министрлікте 2026-2028 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімге қол қойылды.
Ведомство мәліметінше, келісім денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін құқықтық акт болып саналады.
Келісім жұмыспен қамту, еңбекақы төлеу, әлеуметтік кепілдіктер, еңбекті қорғау және әлеуметтік-еңбек жанжалдарының алдын алу мәселелерін қамтиды.
Жиынға қазіргі министр Ақмарал Әлназаровамен бірге экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та қатысты. Ол 2022 жылы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану бабымен бес жылға шартты жазаға кесілген еді.
Айта кетейік, Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрлігін 2017 жылы және 2019-2020 жылдар аралығында басқарды.
2020 жылы аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісімен қозғалған қылмыстық іс бойынша қамауға алынды. Экс-министр мен оның орынбасарына хорватиялық Ericsson Nicola Tesla компаниясы жасаған ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылды.
2022 жылы Астананың Сарыарқа аудандық №2 сотында Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке үкім шықты. Олар Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі 3-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Біртановқа бес жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Сонымен қатар Біртанов пен Әбішевтен 1,1 млрд теңге, сондай-ақ мемлекет кірісіне 20 млн теңгеден мемлекеттік баж төлеу міндеттелді.
Ал 2023 жылы наурызда Біртанов QazMed республикалық салалық медицина қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымына қызметке тұрып, төраға кеңесшісі атанды.