15 Қазан 16:25
...

Сот реформасы: Судьялар съезі несімен тиімді?

Фото:
«Тәжірибе жылдар бойғы еңбектің, тынымсыз ізденістің нәтижесінде қалыптасады.

Ал саладағы жетістіктің кілті ынтымақтасып жұмыс істеп, ортақ мақсатқа ұйысуда болса керек. «Күлтөбенің басында күнде жиын» өткізген бабаларымыз кезінде «Жеті жарғыдай» тарихи, құқықтық құжаттың негізін қаласа, елорда төрінде ұйымдастырылатын республика судьяларының съезі де талай маңызды, пәрменді заңға бастамашылық жасап, салаға серпін беретін жобалардың өмірге келуіне ықпал еткеніне көз жеткізіп отырмыз», – дейді Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы Нұржан Қарабаев.

– Нұржан Ерубайұлы, күні бүгінге дейін сот саласына бірқатар реформа жасалды. Судьялардың сегіз съезі өтті. Бұл сот саласына қандай пайда әкелді?

– Тәуелсіздік алғалы бері еліміздің сот саласы үлкен өзгерістерді басынан кешірді. Бұрынғы сот билігі мен бүгінгі сот саласын салыстыру әсте мүмкін емес. Мұндай іргелі жаңғыртулардың жүруіне мемлекет тарапынан жасалған тұрақты қамқорлық пен әр төрт жыл сайын өтетін судьялар съезінің ықпалы аз болған жоқ. Қазақстан Республикасының Президенті бүгінгі күнге дейін тарихи орын алған сегіз съездің бәрінің де басты қонағы болды. Әрі осы маңызды басқосуларда соттың еңсесін тіктейтін, мәртебесін көтеретін, жұмысын жандандыратын ұсыныс, тілектердің биік мінберден айтылып, ол бойынша нақты қадамдардың жасалуына, іс-шаралардың нәтижелі болуына мұрындық болды.

Сот саласының дамуында судьялар съезінің алар орыны ерекше. Әр төрт жыл сайын саланың кем кетігін түгендеп, келер съезге дейінгі мақсат жоспарларды айқындап беретін жиын дәстүрлі түрде биыл сегізінші рет өткізілді. Ең алғаш 1996 жылғы 19 желтоқсанда Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасы судьяларының бірінші съезінде ел тарихында тұңғыш рет судьялар қауымдастығы құрылып, жарғысы, мақсат-міндеттері белгіленгеннен бері сот жүйесінің ең өзекті мәселелері судьялардың басты форумында талқыланып келеді.

– Өткен жылғы сегізінші съез онлайн өтті. Онлайн форматтың тиімділігі қаншалықты болды?

– Судьялар одағының жарғысына сай судьялар съезі төрт жылда бір рет шақыртылады. 1996 жылдан бері осы күнге дейін 1996, 1999, 2001, 2005, 2009, 2013, 2017, 2020 жылдары сегіз рет съезд өткізілді.

Биылғы жылы пандемиялық жағдайға орай онлайн режимде өткен форумға 400-ге жуық делегат пен мейман қатысты. Олардың қатарында судьялар, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, заң қауымдастығының, халықаралық ұйымдары мен ҮЕҰ өкілдері, заңгер мамандар бар. Съезде көтерілген бастамалардың көп ұзамай нақты іске айналуы саланы дамытуда.

– Жиынның нақты қандай пайдасы болды? Тоқтала кетсеңіз.

– Мәселен съезде көтеріліп, кейін шешімін тапқан бастамаларға көз жүгіртсек, сот сатыларының дербестігі күшейтіліп, істерді қараудың жеделділігі мен сапасы артты. Сот қаулыларын орындаудың баламалы әдістері, жеке сот орындаушылары институты өмірге келді. Алқабилер соты жұмыс жасап тұр. Мамандандырылған соттар жүйесі дамытыла түсуде. Мамдандырылған ауданаралық экномикалық, әкімшілік соттарының қатарына соңғы жылдары қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот пен кәмелетке жасы толмағандар істері жөніндегі ауданаралық соттар қосылды. Болашақта дамыған елдердегідей салық соттарын құру жобасы да бар. Сондай-ақ дауларды шешудің баламалы әдістері жетілдірілді. Тергеу әрекеттеріне сот бақылауы орнатылып, бүгінде тұтқынға алу мен қамауда ұстауға санкцияны соттардың беруі қалыпты үрдіске айналды. Тергеу судьясы институты енгізіліп, оның құзіреттіліктері кеңейтіле түсуде. Сот кадрларын даярлау мен біліктілігін арттырудың қазақстандық жүйесі қалыптастырылуда. Сот жүйесін дамытуға қатысты іргелі заңдардың қабылдануы өз нәтижелерін беріп жатыр. Бітімгершілік институттары дами түсіп отыр. Медиаторлардың қатысуымен қаралатын істердің саны жылма-жыл артып келеді. Соттардың қызметіне ақпараттық технологиялардың жаңа жетістіктері батыл енгізілуде. Соның арқасында елімізде карантиндік жүйе енгізілген кезеңде сот саласы абдырап қалмай, сот отырыстарын онлайн түрде жалғап кетті.

Істерді онлайн түрде қарауға біздегі сот жүйесі қаншалықты дайын болды?

– Кез келген адам кез келген жерде сот отырысына қатысуға мүмкіндік алуы саланың дер кезінде цифрланып бейімделгенінің арқасы деуге болады. Автоматтандырылған электрондық құжат айналымы, соттардың интернет кеңістігінде болуы, сот процестерін бейнеконференция байланысы желісінде өткізу, процеске қатысушылардың сотқа келмей-ақ, интернет арқылы сотта өзінің құжаттарының жылжуымен танысуға мүмкіндік беретін ақпараттық сервистерді пайдалануы сот жүйесінің бүгінгі күнгі өмір шындығына айналып отыр. Қазіргі кезде соттарда барлық іс жүргізу электронды жүйе арқылы жүзеге асырылуда. Компьютерлік жаңа технологияларды игеру сот қызметкелерінің білім-біліктілігі мен дағдысын жаңғыртып, уақыт көшінің алғы сапына жетеледі. Яғни съезде көтерілген мәселелер осы аралықта жүзеге асып келеді. Сондықтан да судьялар жиынының маңызы зор екенін қадап айтқым келеді.

Тегтер: