Назарбаевтың экс-күйеу баласының банкроттығына қатысты іс қайта қаралады
Бұған дейін Алматыдағы Бостандық аудандық соты Данияр Хасеновты банкрот деп танудан бас тартқан еді. Алайда қалалық сот бұл шешіммен келіспей, істі қайта қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдады.
Астана, NEGE. Сот актісінде былай делінген:
«Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының 2025 жылғы 6 қазандағы ұйғарымы күшін жойсын. Хасенов Данияр Пернебекұлының банкрот деп тану туралы өтініші бойынша материалдар қайта қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жіберілсін».
Бірінші сатыдағы сот Данияр Хасенов қарызын төлеу немесе келісіммен шешу үшін қолдан келгеннің бәрін істегенін дәлелдей алмады деп есептеген. Сол себепті оны банкрот деп танудан бас тартқан.
Ал қалалық сот бұған келіспеді. Себебі Хасенов кредиторымен келісімшартты 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін жасаған, әрі қарызын уақытында төлей алмай жүргеніне бір жылдан асып кеткен. Мұндай жағдайда «қарызды реттеуге тырыстым» дегенін дәлелдейтін арнайы құжат тапсыру міндетті емес.
- Тақырыпқа орай: Нұрсұлтан Назарбаевтың «ұсталған» қайын ағасы кім?
Хасенов сондай-ақ сотқа берген арызында өзінің ешқандай мүлкі жоқ екенін көрсеткен. Бұған қоса, сотқа жүгінерден бұрынғы соңғы үш жылда ол қарыз берушілерге зиян келтіретіндей мүлкін азайту, біреуге аудару сияқты күмәнді әрекеттер жасамағанын айтқан.
Бұған дейін Хасеновтың «Проблемалық несиелер қорына» 23,8 млрд теңге қарызы бар екенін жазғанбыз. Қарыз 2003 жылы «Казкоммерцбанк» АҚ пен «АзияПромСбыт» ЖШС арасында жасалған несиелік желі ашу туралы келісім аясында пайда болған. Міндеттемелердің орындалуы басқалармен қатар Данияр Хасеновтың жазбаша кепілдігімен қамтылған.
Данияр Хасенов – бұрынғы футболшы, ҚТЖ топ-менеджері. Әлия Назарбаева екеуінің ортақ балалары бар.