Сот-медициналық сарапшы Нұрқанат Ғайыпбаевтың жарақатына қатысты сараптама мәліметтерін айтып берді

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.
Алматы, NEGE. Сот отырысына Нұрқанат Ғайыпбаевтың жарақаттарын тексерген сот-медициналық сарапшы Өмірбек Жолымбетов шақырылып, одан жауап алынды.

Нұрғанат Ғайыпбаевқа медициналық зерттеу 2024 жылдың 9 қазанында жүргізілген.
- Тақырыпқа орай: «Өкпе жыртылып, ішіне көп мөлшерде қан кеткен» – Шерзаттың сотына Бишімбаев ісімен танылған тәуелсіз сарапшы Халимназаров қатысты
Сарапшы Өмірбек Жолымбетовтың айтуынша, ол Нұрғанат Ғайыпбаевты оқиғадан жеті күн өткен соң тексерген. Сондықтан ұсынылған медициналық құжаттарда жарақаттың нақты тереңдігін көрсететін деректер болмаған.
«№447 24/17 сараптама қорытындысы бойынша, мен Алматы облысы полиция департаментінің тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция мойоры Нариманұлының қаулысы бойынша, Нұрқанат Ғайыпбаевқа сот-медициналық сараптама жүргіздім. Қаулыда бір сұрақ қойылған, ол Нұрқанат Ғайыпбаевтың қандай дене жарақаттары бар, олардың шоғырлануы, келтірілу уақыты, пайда болу механизмі туралы сұрақ. Сараптама жүргізу үшін маған сараптама тағайындау туралы қаулы түсіндірілді, содан кейін Еңбекшіқазақ ауданы ауруханасынан медициналық картадан үзінді көшірмесі ұсынылды. Сонымен бірге бұл құжаттармен қатар, 1994 жылы туған Н.Ғайыпбаев өзі сараптама өтуге келді. Сот-медициналық куәландыру 9 қазан 2024 жылы сағат 13:10-да жүргізілді.
Қарап тексеру барысында Ғайыпбаевтан мынандай жарақаттар анықталды. Сол жақ көзінің қабағының астында мөлшері 3,0-1,5 сантиметр болатын көгерген түсті қанталау болды. Оң жақ құлақ қалқанында дәл осындай сипаттағы қанталау болды. Мөлшері – 2,0-1,0 см. Шүйде бөлігінде жұмсақ тіндерінің сынып, қабыну болған. Бел тұсында сызықты формалы терісі сырылған жара болды. Оның беті қызыл түсті жұқа қабықпен қапталған. Мөлшері – 1,15-4,00 см. Оң жақ жамбасы тұсында қиғаш тік жара болған, оның жиектері тегіс, ұштары доғал келген, беті қызыл жұқа қабықпен қапталған.
Сот-медициналық сараптама кезінде жарақаттардың өлшемі 1,0 және 0,1 см, 0,8 және 0,1 см, 1,2 және 0,1 см болды. Аталған жаралар медициналық жолмен өңделген», – деді сарапшы.
Нұрғанат Ғайыпбаевқа бас-сүйек-ми жарақаты, мидың шайқалуы, бас маңдайындағы жұмсақ тіндердің зақымдануы, шүйде тұсындағы қанталау, кеуде қуысы мүшелерінің жабық жарақаты, оң жамбастағы бірнеше шаншыла-кесілген жаралар және оң тізе буыны аймағындағы зақымдар деген диагноздар қойылған. Ғайыпбаевтың жамбасындағы үш жарақат бір ғана затпен, бірнеше секунд аралығында бірінен кейін бірі келтірілген.
Сарапшы Өмірбек Жолымбетов Ғайыпбаевқа келтірілген жарақаттардың ауырлығын «орташа» деп бағалады.