12 Қаңтар 13:48
...

Сот Маржықпаевтың ағасына қатысты істі оның пайдасына шешкен жоқ

gov.kz
Фото: gov.kz

Щучинск қаласындағы сот «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің аумағындағы жер телімдеріне қатысты мәмілелерді заңсыз деп таныды. Бұл жерлер бұрынғы туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың ағасы Ерік Маржықпаевқа тиесілі болған.

Астана, NEGE. Іс материалдарына сәйкес, бұл оқиға 1997 жылдан басталған. Сол жылы Дрюк отбасы Бурабай кентіндегі тұрғын үйді жекешелендіріп, оған қоса аумағы 0,125 гектар жер телімін алған. 2002 жылы олар бұл үйді Ерік Маржықпаевқа сатады. Сол кезде оның атына аумағы 0,200 гектар болатын жер телімі рәсімделген. Кейінгі жылдары бұл жердің көлемі бірнеше рет ұлғайтылып, мақсатты пайдалану түрі өзгертіліп, қонақ үй салуға рұқсат берілген.

Кейін Ерік Маржықпаев аталған жер телімін өз отбасына байланысы бар «Береке-Бурабай» компаниясына сатқан. Нәтижесінде бұл аумақта қонақ үй салынған. Ал 2025 жылдың ақпан айында сол жердегі кейбір нысандар, атап айтқанда қонақ үйлер мен қосалқы құрылыстар, үшінші тұлғаға сатылған.

2024 жылы прокуратура жердің қалай және қаншалықты заңды түрде берілгенін анықтау мақсатында тексеру жүргізген. Сот барысында Маржықпаевтың өкілдері, «Береке-Бурабай» серіктестігі және жаңа меншік иесі барлық мәмілелер заңды болғанын, мемлекеттік тіркеуден өткенін алға тартқан.

Алайда сот барлық даулы жер телімдері келісімдер рәсімделген кезде де, қазіргі уақытта да «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің аумағына жататынын анықтады. Бұл дерек ресми құжаттармен, сондай-ақ сот отырысында жауап берген маманның түсініктемелерімен расталған.

Осыған байланысты сот жергілікті атқарушы органдардың бұл жерлерді жеке меншікке беруге заңды құқығы болмаған деп тұжырымдаған. Соның нәтижесінде 2002 жылғы сатып алу-сату шарты және одан кейін жасалған барлық мәмілелер заңсыз деп танылды.

Дегенмен сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Қазіргі уақытта бұл шешімге апелляциялық шағымдар берілген.