3 Қыркүйек 14:58
...

Сот экс-банкир Ертаевтың бостандыққа шығуына қатысты түсінік берді

Экс-банкир Жомарт Ертаев амнистиямен бостандыққа шықты
Фото: ғаламтордан

2025 жылғы 2 қыркүйекте Алматы облысы Алатау соты Жомарт Ертаевтың рақымшылық актісін қолдану туралы өтінішін қарады. 

Алматы, NEGE. Ертаев 2020 жылы Алматының Алмалы аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің бірнеше баптары бойынша ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған. Ол 2018 жылғы қарашадан бері қамауда болып, 8 жыл 3 ай 14 күн жазасын өтеді. Өтелмеген мерзімі – 11 ай 16 күн.

Мекеме Ертаевтың мінез-құлқына «бірінші оң дәрежені» белгілеген.

23 маусымда қабылданған «Рақымшылық туралы» заңға сәйкес, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандар егер өтелмеген мерзімі бір жылдан аз болса және теріс мінез-құлқы болмаса, жазаның өтелмеген бөлігінен босатылады.

Осы негізде сот Жомарт Ертаевтың өтінішін қанағаттандырып, оны негізгі жазасының өтелмеген бөлігі – 11 ай 16 күннен босатты.

Алайда сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың қараша айында Ертаев RBK Bank-тен 144 млрд теңге жымқырды деген айыппен орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 11 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Онымен бірге тағы 35 адам сотталды.

2021 жылғы наурызда Ертаевқа қатысты екінші қылмыстық іс қозғалып, ол 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкімдер жиынтығы бойынша жалпы жаза мерзімі 11 жыл болды. Ал мамыр айында экс-банкирдің жаза мерзімі 9 жылға дейін қысқартылды.