22 Қыркүйек 14:45
...

«Соңына дейін бардым...» – Композитор Қалдыбек Құрманәлі НЕГЕ әділдікке жетуден үміт үзді?

Сазгер
Фото: ғаламтордан

Таяуда «Боксшы Жанқош Тұраровтан зорландым» деп арыз түсірген Әнару Құрманәлі өзінің адвокаты болған Л.Ахатоваға қатысты жазба жариялады. «Оның Тұраровпен құпия келісімі бар» деген дәлелсіз жазбасы Ахатованың сотқа шағымдануына түрткі болыпты.

NEGE тілшісі бұл туралы Әнуардың әкесі, композитор Қалдыбек Құрманәлінің пікірін білген.

– Қызыңыз Әнару әлеуметтік желіге «Ләззат Ахатова және Жанқоштың құпия келісімі» деген тақырыпта жазба қалдырған еді. Бұдан кейін адвокат Ләззат Ахатова Әнарудың үстінен жала жапқаны үшін арыз түсіргенін жеткізді. Бұл сізге қалай әсер етті?

– Қызым кез келген адамнан күдіктене береді. Қазір біреу жылы сөйлеп, артынан қаттырақ бірдеңе десе, «Бұл – Жанқоштың адамы» деп шығады. Ақын Айнұр Тұрсынбаеваның үйінде Жанқоштың әйелі қонақ болыпты. Ол қонақ болса, «досы» деген сөз емес қой. Айнұрмен мен де араласамын мысалы. Қызымның енді адвокатқа қарсы шыққаны тіптен қызық.

«Ахатова Жанқошқа сатылды» деуге де дәлелі жоқ. Адам өз қорғаған адвокатымен соғыспайды. Оған дәлел болуы керек. Бәрі сол күдіктенудің салдары. Күдік дәлелдің орнын алмастыра алмайды. Бұл жерде екеуін де қолдамаймын. Адвокат арада келісімшарт жасалғаннан кейін ешқандай құпияны айтпау керек. Олар бір-біріне шабуыл жасады.

Адвокат
Фото: ғаламтордан

– Қызыңызға «әлеуметтік желіге ойыңа келгенді жазба» деп ескерттіңіз бе?

– Айтуын айттым. Маған қызымның құрбысы «Әнару әлеуметтік желіге бірдеңе жазайын деп жатыр» деді. Сол кезде «Шу шығарудың қажеті жоқ, жазбаңдар» дедім. Одан кейін адвокат Ләззат Ахатова да жазба қалдырып, ішіне мені де қосып жіберіпті. Артынан «Сіздің қатысыңыз жоқ» деп эмоцияға беріліп жазғанын мойындады. Онысына да рақмет.

Жалпы, кім қателік жіберді? Сол адам жазасын алуы керек. Бұл – менің принципім. Ол кім болса да. Себебі, заң ортақ.

Сонымен, бұл іс түбегейлі тоқтады ма?

– Мен қолымнан келгеннің бәрін істедім. Бас прокурор Берік Асыловтың атына хат жазып едім, Алматы қалалық прокуратураға жіберді. Барынша іске қозғау салдым. Тергеу жүргізілді. Өзімді жақсы сыйлайтын жігіттер мәселенің ашығын айтып, «7 жыл қорқытып ұстады» дегеннің өзінде қызыңыз бармауы керек еді, тіпті кейінгі «зорландым» деген арыздың өзі төрт күннен кейін ғана жазылған» деді. Яғни, қылмыстық іс қозғауға нақты дәлелдің жоқтығын жеткізді.

Егер әу баста арыз түсіргенде жағдай басқаша болар еді. Бұл жайттың жария болғанына бір жылдан асты. Маған да ауыр соққы боп тиді. Жаралы жүрегіме салмақ түсті. Дегенмен, іс әлі тоқтатылған жоқ. Әнарудың Әнтай деген адвокаты «соңына дейін барамыз» деп әлі жұмыс істеп жатыр. «Болмайтын нәрсе болса, қоя салсаңдаршы» деп те айттым. Өзім дәлел болмаған соң ештеңе шықпайтынын біліп тұрмын.

– Бірақ сіз «Қызым үшін соңына дейін барамын» деген едіңіз...

– Соңына дейін бардым. Енді дәлелі болса да, кеш жазып тұр ғой. Бар кінәміз – арызды мезгілінен кеш беру. Егер Тұраров қорқытып ұстаса, кездесуге бармаушы еді.

Композитор
Фото: ғаламтордан

Жалпы, қыздарда үш мақсат болады. Біріншісі, біреуді ұнатып қалып, соған күйеуге тигісі келеді. Екіншісі – ақша талап етеді. Яғни, «зорлады» немесе «тастап кетті» деп ақша бопсалайды. Үшінші мақсат – сол адамды масқаралау. Менің қызым ақша сұраған жоқ. Әйтпесе, Тұраров басында ақша ұсынған, Әнару алмады. Бірақ қызым оның «сені алам» деген уәдесіне сеніп қалған. Содан кейін оны ел алдында масқаралағысы келді. Бір сөзбен айтқанда, екеуі бір-бірін масқаралады. Тұраров бокс турниріне қатыса алмады.

– Боксшы Жанқош Тұраров ел алдында масқара болды дейсіз, ол мектептерде балаларға тәрбие туралы дәріс оқып, бокстағы жекпе-жегін өткізіп жүр емес пе? Әлде ол масқара болдым деп ойламай ма?

– Оқи берсін. Мен қызымның немесе Жанқоштың адвокаты емеспін ғой. Қамалмаған, ұсталмаған адам жүреді де. Бірақ күллі Қазақстан алдында абыройсыздыққа ұрынғаны рас.