«Соның өзі». Белгілі журналист Сансызбай Өкенұлының кітабы шықты
Өткен сенбіде белгілі журналист Сансызбай Өкенұлының «Соның өзі» атты тұңғыш кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Алматы, NEGE. Салтанатты жиынға белгілі журналист әрі қоғам қайраткерлері Марат Тоқашбаев, Рысбек Сәрсенбай, БАҚ өкілдері мен автордың жүздеген оқырманы қатысты.

Сансызбай Өкенұлы журналистика саласында ширек ғасырдан бері еңбек етіп келеді. Әр жылдары «Дат», «Жас Алаш» газеттерінде тілші, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. «Еуразия» арнасында шығарушы редактор болды. Әріптесіміздің уытты мақалалары Nege.kz сайтында да жарияланып жүр.

Автор ретінде сөз алған Сансызбай Өкенұлы: «Кітаптың тұсаукесерін Алматының қақ төрінде өткізсем де болушы еді. Бірақ, өйтпедім. Мен үшін өзім тұрып жатқан Талғар ауданының Қызылқайрат ауылының мәдениет үйі қаладағы сарайлардан еш кем емес. Біз ауылды құрметтеуді осыдан бастауымыз керек», – деді.

Марат Тоқашбаев автордың журналистика саласындағы еңбегін бағалап, С.Өкенұлын «Қазақ журналистикасының қайраткері» төсбелгісімен марапаттады.

Жинақ «Қыжыртпа» және «Қисын» атты екі бөлімнен тұрады.