14 Сәуір 17:56
...

«Қазақстан авторлар қоғамы» әрбір жұмысына есеп бере ме?

Заң
Фото: Фото: azattyq-ruhy.kz

Қазақстандық әншілер авторлық құқыққа қатысты мәселеде заңбұзушылық өте көп екенін айтуда. Осы ретте олар түрлі телевизиялық бағдарламалар мен байқауларда орындалған әндері үшін ешқандай қаламақы түспейтінін алға тартқан.

Дамыған мемлекеттерде авторлар қоғамы мұндай мәселемен жүйелі түрде жұмыс істейтіні анық.

Аталмыш мәселеге қатысты Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Қазақстан авторлар қоғамы» РҚБ бас директоры Айнұр Есендікова тілшіміздің сауалына жауап берді. 

Айнұр Есендікова
Фото: ОКҚ

«Мен басқа авторлар мен құқық иелері үшін жауап бере алмаймын. Біз тек Қазақстан Авторлар қоғамына ғана жауап береміз. Иә, бізге шағым айтып келетіндер бар, бірақ біз оны сол сәтте шешуге тырысамыз. Қайталап айтамын, біз тек өзіміздің қауымдастықтың мүшелеріне ғана жауаптымыз, басқа авторлық қоғамдардың жұмысына араласпаймыз. Егер Қазақстан авторлар қоғамына кіретін құқық иелерінің сұрағы болса, олар тікелей бізге жүгіне алады», - деді Айнұр Есендікова. 

Қазақстандық орындаушылардың айтуынша, олар Қазақстан авторлары қоғамының өкілдерінен бірнеше мәрте тоқсан бойынша есеп беруін өтінген. Алайда, олардан жауап болмаған. Ал, «Қазақстан авторлар қоғамы» РҚБ бас директоры Айнұр Есендікованың айтуынша, олардың атқарып жатқан жұмыстарының есебін ресми сайттан бақылап отыруға болады. 

«Біз барлық сауалдарға заң аясында жауап береміз. Барлық жұмысымыздың есебі kazak.kz сайтында орналастырылған. Авторлық құқық туралы Заңға сәйкес, соңғы 10 жылдағы барлық жұмысымыздың есеп-қисабы ресми сайтта қолжетімді», - деп жауап берді Айнұр Есендікова тілшіміздің сұрағына.