Солтүстік Қазақстанда спортшылар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу талқыланды
Петропавлда «Заң мен Тәртіп» идеологиясын қоғамда насихаттау тұжырымдамасы аясында спортшылармен кездесу өтті. Шараға облыс прокуратурасы, полиция департаменті, СҚО әкімдігі өкілдері, сондай-ақ өңірдің спортшылары мен жаттықтырушылары қатысты.
Кездесуге каратэ, дзюдо, таеквандо және бокс секілді жекпе-жек түрлерімен айналысатын спортшылар жиналды. Облыста 2 мыңнан астам спорт нысаны жұмыс істейді. 15 мыңнан астам адам, оның ішінде 4,5 мыңнан астам бала мен жасөспірім жекпе-жекпен шұғылданады. Бұл жаттықтырушылар мен спорт ұйымдарына үлкен жауапкершілік жүктейді.
«Спорт адамның күшін, тәртібін, төзімділігін және құрмет сезімін қалыптастырады. Алайда соңғы уақытта кейбір спортшылардың өз дағдыларын спорт залынан тыс жерде, қоғамдық орында немесе әлсіз адамдарға қарсы қолдану фактілері тіркеліп жатыр. Мұндай әрекеттерге мүлде жол берілмейді. Себебі жекпе-жек — агрессия емес, өзін-өзі бақылау мен қорғау құралы», — деді СҚО бірінші орынбасар прокуроры Саттар Абу-Али.
Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының деректеріне сәйкес, соңғы 10 жылда спорт саласының өкілдеріне қатысты 49-дан астам қылмыстық іс тіркелген. Ал мәдениет және спорт өкілдерінің қатысуымен жол қауіпсіздігі саласында 300-ден аса әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.
СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңды сақтау — мемлекеттік саясаттың басым бағыты және елдің тұрақты дамуының негізгі шарты екенін бірнеше рет атап өткенін еске салды.
«Заң мен Тәртіп» принципі құқықтық мәдениетті дамытуға негіз болып табылады. Сондықтан қоғамда құқықбұзушылыққа, агрессияға және зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру — маңызды міндеттердің бірі», — деді ол.

Кездесу барысында ведомство өкілдері құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары ерте жастан басталуы тиіс екенін айтты. Мектептерде «Адал азамат» бағдарламасы енгізіліп, мемлекет, білім беру ұйымдары және ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге бағытталған.
Кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жас спортшыларды жаттықтыратын Данияр Жарасов күнделікті жұмыстан мысалдар келтірді.
«Жастарға спортпен айналысуға кеңес беремін. Спорт тәртіп пен денсаулықты нығайтады. Бірақ залдан тыс жерде күш қолдануға мүлде болмайды. Ондай жағдайларды бірден тоқтатамыз. Хулигандық пен буллингке қатысты үнемі профилактикалық әңгімелер өткіземіз. Күш қолданар алдында оның салдарын, ата-анаңды ойлау керек», — деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер өңірде тәртіпті, жауапкершілікті және қауіпсіз спорт ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.