Сол күні Құдайдың сынағынан өте алмадым – Бишімбаев пен Байжанов соттағы соңғы сөзін айтты
Бүгін, 6 мамырда Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның бауыры Бақытжан Байжанов сотта соңғы сөзін айтты.
Алматы, NEGE. Бишімбаев ешқашан әйелінің өлгенін қаламағанын айтты. Ол қазылар алқасын әділ болуға, әлеуметтік желіде жазғандарына сенбеуге шақырды.
«Егер Құдайдың жоғары қағидасына сенетін болсаңыз, ал мен сенемін, біз қаласақ та, қаламасақ та ол бізге сынақ береді. Біз күн сайын оның сынағынан өтеміз. Ең жоғары адамгершілік құндылықтарымызды сынайды. Сол күні, қарашаның 8-нен 9-ына қараған түні мен ол сынақтан өте алмадым. Менің бойымда және әрбір адамда бар жақсы қасиеттің бәрін қорладым. Мен мұны жақсы түсінемін және күн сайын өкінемін. Менің әрекетім өзім жақсы көретін адамның өліміне, оның ата-анасының, отбасы мен достарының қайғысына себеп болды. Мен олардан тағы бір мәрте кешірім сұраймын. Осы оқиғаға байланысты жүрегі ауырға барлық азаматтан кешірім сұраймын. Мен кінәлімін, бірақ қасақана кісі өлтіргенім жоқ. Мен ұсталған сәттен бастап сол күннің мән-жайын айттым. Тергеу әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жалған ақпараттардың қысымына ұшырады. Салтанаттың өлімі қасақана емес, абайсызда болды. Әлеуметтік желілерде маған деген өшпенділік тудыру мақсатында ұйымдастырылған науқан жүріп жатыр», - деді Бишімбаев соңғы сөзінде.
Қуандық Бишімбаевтан кейін Бақытжан Байжанов соңғы сөзін айтты.
«Маған қарсы таңылған жаңа айыптауда: «Байжанов жасаған қылмысының ашылып қалатынын біліп, дәлелдерді жасырып, мейрамхананы жауып, қызметкерлерді қайтарып, бейнежазбаны жойып, телефонды алып жүрді», - делінген. Иә, мейрамхананы жапқанымызды ешқашан жасырған емеспін. Қызметкерлерді иә, қайтарылды, мен бейнежазбаларды өшіруді тапсырдым. Телефонды әкелді, киім-кешегін әкелді. Оның бәрі айтылды. Ол аз десеңіз, соның бәрі кім арқылы қашан жасалғанын бәрін жасырмай айттым. Бірақ мен сол кезде ауыр қылмыс жасалғанын білдім бе? Мен ант етемін – білмедім. Егер білгенде осы әрекеттердің бірде-бірін жасамас едім. Мен түсінбек түгілі соның бәрі қылмыстың бетін жасыру екенін білмедім де. Егер мен шынында да, ауыр қылмысты саналы түрде жасыруға шешім қабылдасам, мен өзімді қорғамас едім, өз-өзімді кешірмес едім. Үкім шығармас бұрын «мен мұның бәрін алдын ала білдім бе?» деген сұраққа жауап іздеп көруді өтінемін. Өйткені тергеушілер де, прокурорлар да бұл сұраққа жауап бермеді. Үміт тек сіздерде. Салтанаттың туған-туыстарынан тағы да кешірім сұраймын. Жатқан жері жайлы болсын, топырағы торқа болсын. Алла алдынан жарылқасын», - деді Байжанов соңғы сөзінде.
Сотталушылардың соңғы сөзінен кейін 10 мамырға дейін үзіліс жарияланды.