Тоқаев Путинді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-12 қарашада Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары жалғасуда.
Астана, NEGE. Ақорда ақпаратынша, Қазақстан президентінің Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарының екінші күні Александр бағындағы «Белгісіз жауынгер бейіті» мемориалына гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Бір минут үнсіздіктен кейін оркестр ҚР мемлекеттік әнұранын орындады. Содан соң Құрмет қарауылы қазақстандық ресми делегациясының алдынан салтанатпен сап түзеп өтті.

Одан кейін Президент Тоқаев Ресей федералды жиналысы федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың, сондай-ақ парламентаралық диалогтың өзекті мәселелерін талқылады.
Ал, кешке Қазақстан мен Ресей президенттері арасында келіссөздер басталды. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Ресеймен атом энергиясы саласындағы ынтымақтастыққа айрықша тоқталды.
Көп ұзамай «Росатоммен» станса құрылысын бастауға мүмкіндік беретін өте маңызды келісімдерге қол қоямыз. Бұл – серпінді жоба. Өйткені атом электр стансасы ғана салынбайды, мүлдем жаңа сала пайда болады,– деді президент.
Одан бөлек, Қазақстан президенті екі елдің білім саласындағы ықпалдастығына ерекше тоқталды.
Ресейдің 9 жоғары оқу орны, соның ішінде танымал университеттер Қазақстанда филиалдарын ашты. Бұл үшін Ресей Федерациясының білім саласы өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар Омбы университеті жанынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы ашылды. Бұл да елеулі оқиға. Жалпы, білім саласына ерекше мән беремін. Өйткені жастарымызға жағдай жасау керек деп санаймын. Біздің мақсатымыз – жастарға Қазақстан мен Ресейдің жаңа тарихи және геосаяси кезеңдегі ынтымақтастығы мен достық байланыстарын аманаттау. Өскелең ұрпақ мұндай қарым-қатынассыз осынау алмағайып заманда өмір сүру мүмкін емес екенін түсінуге тиіс, – деді Тоқаев.
Президент осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру үшін Путинді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ықпалдастықтың кең көлемді мәселелері қарастырылды.