Елордада жылу ақысы бойынша шағым көбейді
Астанада қаңтар айына арналған коммуналдық төлемдердің күрт өсуі тұрғындардың наразылығын туғызды, ал жауапты мекемелер мұны аяздың күшеюі мен тарифтік өзгерістермен түсіндірді.
Астана, NEGE. Көпшілік өткен айлармен салыстырғанда коммуналдық төлемнің артқанын айтып, мұны қосылған құн салығының 16 пайызға өсуімен байланыстырды.


Тұрғындардың айтуынша, соңғы айда бір бөлмелі пәтер үшін коммуналдық төлем 40–50 мың теңгеге дейін жетсе, бірнеше бөлмелі баспанада 100 мың, тіпті 150 мың теңгеге дейін барған. Тұтынушылардың жазуынша, шығынның тең жартысына жуығы жылу қызметіне тиесілі. Қала халқы жауапты мекемелерден түбіртектегі есептің дұрыстығын тексеріп, қымбаттаудың нақты себептерін түсіндіруді талап етті.

Елордада коммуналдық қызметтердің бірыңғай төлем түбіртегін «Астана ЕРЦ» сервисі жолдайды. Есеп айырысу орталығының мәліметінше, кеше тұрғындардан түскен қоңыраулар мен сауалдар саны әдеттегіден екі есеге жуық артқан. Шағымдардың басым бөлігі жылу ақысына қатысты болғандықтан, орталық түсініктеме алу үшін жылуға жауапты «Астана-Теплотранзит» мекемесіне жүгіну керегін айтты.
Наразылық өршіген соң «Астана-Теплотранзит» ресми түсініктеме берді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жылу энергиясы үшін төлем нақты тұтыну көлеміне қарай есептеледі. Егер пәтерде немесе үйде есепке алу құралы орнатылса, ақы сол құрылғының көрсеткіштері негізінде алынады. Ал есептегіш орнатылмаған не уақытша істен шыққан жағдайда, есеп бекітілген нормативтер мен шарттық мәндерге сәйкес жүргізіледі.
Мамандардың мәлімдеуінше, жылу ақысының өсуіне бірнеше фактор ықпал етеді: бекітілген тариф, сыртқы ауаның орташа айлық температурасы және есептеу тәсілі. Ең басты себеп – ауа райы. Суық күшейген сайын жылу энергиясын тұтыну артып, төлем көлемі де ұлғаяды.
Статистикаға жүгінсек, 2025 жылғы қарашада орташа ауа температурасы +0,36 градус болса, желтоқсанда −8,1 градусқа дейін төмендеген. Ал 2026 жылғы қаңтарда бұл көрсеткіш −14,3 градусқа жеткен. Қыстың қатаюы жылу шығынын арттырып, соның салдарынан төлем сомасы да көбейген.
«Үйге ортақ есепке алу құралдарын күтіп ұстау және оларды уақтылы салыстырып тексеру – үйге қызмет көрсететін ұйымның (МИБ, ПИК, ӨК және басқа да басқарушы құрылымдар) жауапкершілігінде. Сондай-ақ бірыңғай төлем құжаты бойынша төлемді ағымдағы айдың 25-іне дейін жүргізу қажет», − деп хабарлады «Астана-Теплотранзит».
Сонымен қатар орталықтың ресми өкілі 1 қаңтардан бастап тариф құрылымына салық заңнамасындағы өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, ҚҚС мөлшері түзетілген. Бұл өзгерістер техникалық сипатта болғанымен, түпкілікті төлем сомасының қалыптасуына белгілі бір деңгейде әсер етеді.