Бірі Балиде, бірі Меккеде... – Шоу бизнес өкілдері қайда демалып жүр?
Табысы тәуір түскен әртістердің жыл басында шетелге қыдырыстап кететіні бар. Сондықтан алдағы күндері тойыңызда өнер көрсетуге шақырған әнші атаулы «күйген күлшедей» болып келсе, таң қалмаңыз. Ал біз солардың бірқатарын тізбектеп көрдік.
Биыл шетелге қыдырып барған әншілердің көшін Мәдина Сәдуақасова бастады. Өнер иесі жаңа жылды қарсы алған түні бірден Шри-Ланкаға ұшып кетті.
Шынын айтамын деп сырын айтып қойып, үнемі сынға ұшырап қалатын өнер иесі бұл жолы да әдетінен танбады. Демалыс жайлы ойын ортаға салған әнші: «...Тук-тукпен әрі-бері жүрміз үшеуіміз, бәрі қызық, необычно, бірақ бірдеңе жетіспей тұрған сияқты ма, суреттерді қарасаң бәрі супер сияқты. Жыл осылай түсініксіз сезімдерден басталды», – деп ақтарылды.
«Сүйіктім ұсыныс жасады» деп жалпақ жұртқа жар салған Динара Сәтжан Тайландтан әлі қайтқан жоқ. Арасында қызы екеуі пілге мініп, суға да сүңгіді. Көрген қызығын сториске сала жүруді ұмыт қалдырмаған тележұлдыз жаңа күйеуін көрсетпеді.
Айта кетейік, жуырда желі арқылы Тайландтан сәлем жолдаған Динара Сәтжан сүйіктісі сақина салып, өзінің «иә» деп жауап бергенін жазған болатын. Көпшілік оқырмандардың бірі тележүргізушінің таңдауы белгілі кәсіпкер Жұмабек Жанықұловқа түскенін жазуда. Егер аталған ақпар рас болса, онда Динараның шетелде апталап емес, жылдап жатуға мүмкіндігі бар деген сөз. Себебі Жұмабек Жанықұлов – Halliburton трансұлттық корпорациясының Қазақстандағы жалғыз серіктесі саналады.
Қанат Әлжаппаров пен қосыла күллі Қазақстанды аралап концерт берген Қайрат Әділгерей келіншегі Бақыт Тұрманмен қолтықтасып Мальдив аралдарын аралап жүр. Актер жұбайымен ыстық жақта күнге қызыдырынып жатқанда, өнердегі ағасы Нұрлан Еспанов оның Алматы қаласында ашқан кафесіне шашу шашып барды.
Ұлттық тағамды заманауи ас мәзірімен үйлестіре білген актердің кәсібін жер-көкке сыйғызбай мақтаған Еспановқа ол«Қолдауыңызға мың алғыс, Нұрақам» деп желі арқылы ризашылығын жеткізді. Еспановтың үнемі әріптестері ашқан кәсіпті жарнамалай жүретінін ескерген желідегі жұрттың бірі оны «Нұреке, сіз үйіңізден обед пен ужин ішпейтін сияқтысыз ғой» деп қағытты.
Ал Аиша мен Бүркіт үш баласын ертіп, Балиде жүр. Саяхат барысында Аишаның аяғы ауыр екені белгілі болды. Бейнежазбадан мұны байқаған жұрттың алды «жарайсың» – десіп жатыр.
Бүркіттің өзі болса «Әйелің екіқабат болғанда кез келген «капризін» орындайсың ғой» дейді. Соған қарағанда саяхатты ыстық жақта өткізу Аишаның таңдауы болған тәрізді. Ал желідегі қыз-келіншектер жағы әншінің әйеліне аман-есен босанып, аяқ-қолын бауырына алуды тілеген.
Кейбіреулер ағарған сақал-мұртына қарап Бүркітті «қартайып кетіпті» десті. Өзі болса мұны «Демалыс кезінде менің миым мен бірге сақалқырғышым да демалады» деп қалжыңға сүйеді.
Қарақат пен Қыдырәлі ұл-қыздарын ертіп, Меккеге баруды жөн санаған. «Сіздерге де осы жерге келуді бұйырсын» деген жұлдызды жұп: «Қасиетті меккеде Қағбаға қарап тұрып, әрқайсыңыздың алтын бастарыңыздың амандығын, отбастарыңыздың бақытын тілеп тұрмыз», – деді.
Айтпақшы, Қарақат қажылыққа өзінің Бағдат атты апайын да алып барған. «Осы кісіні қасиетті елге, жерге алып келсек деген ойымыз бар еді. Сол арман-тілегіміздің орындалғанына өте қуаныштымын», – деп ақтарылды.
Актер Жаһан Отарғалиев, Қарлығаш Мұхамеджанова, әнші Дианара Сұлтан болса, туған жердің төсінде, шаңғы теуіп қыдырыстауды жөн көрген. Бірі Бурабайдың суығында буы бұрқырап, бірі Алатаудың бөктерінде бала-шағасын ертіп, шанамен сырғанап жүр. Ал Жаһан Отарғалиев «Сіздерге бұйырса, жаңалық дайындап жатырмын» деп желідегі жұртты желпіндіріп қойды.