13 Қыркүйек 19:39

«Мықты болсаң, Мақпал жүрген жолмен жүріп көр!» – Өнер қайраткерлері

Халық әртісі
Фото: ғаламтордан

Мақпал Жүнісованың жуырда желіде жарияланған бейнежазбасынан соң, ел арасында түрлі пікір айтылуда. Бірі «ащысуға құмар» деп айыптаса, енді біреулердің жаны ашыған. Ал тикиокта әншінің «Өзімді алдаймын» атты әнін қойып, оған қолдау білдіріп жатқандар саны толастар емес.

Мәселен, ақын Ықылас Ожай «Мақпалдың түйеден түскендей сөйлей салатын, басы бар да аяғы жоқ орашолақ ойы – ескен желдей ерке әншінің ақжелең көңілі мен ішкі табиғатының нышаны» десе, Серікзат Дүйсенғазы бар қазақтың атынан кешірім сұрап, өнердегі әпкесіне қолдау танытты. Ал қазақ өнерінде Мақпалдай дауысымен көпті мойындатқан әншінің әріптестері, ұзақ жылдан бергі сахналас серіктері не дейді екен? NEGE тілшісі сұрап көрді. 

Сембек Жұмағалиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

                                                  Ешкім періште емес

Жұмағалиев
el.kz

– Мен білетін Мақпалдың кәсібилігінен бөлек, адамгершілігі бір төбе. Ел алдына шыққан себебі көкейіндегі өксік пен жанайқайын айтқысы келген болар. Бірақ оған бола табалаудың қажеті жоқ. Осы уақытқа дейін ел ішінен де, әріптестерімнің арасында да Мақпал жайлы жаман әңгіме естіген емеспін. Өйткені ол – кісіге қиянат қылмайтын адам. Ал оны жерден алып, жерге салып жатқандардың өзі ішпейді дейсіз бе?! Ешкім періште емес. Кіснің кемшілігін көрсек, топырақ шашып, артықшылығын көрсек, көре алмай қалатын әдетіміз бар ғой.

Алтынбек Қоразбаев, Халық әртісі, әнші-сазгер:

                                                 Жұлдыз екенін ұмытпаңыздар!

Қоразбаев
ғаламтордан

– Өнерсүйер қауым кешірімді болғаны дұрыс. Оның үстіне Мақпал біреудің ала жібін аттаған жоқ қой. Қателік болса болған шығар, бірақ қазақ өнерінің жұлдызы екенін ұмытпаңыздар!

 Айжан Нұрмағамбетова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші:

                                                  Әуелі ол жүрген жолмен жүріп көр!

Нурмағамбетова
365info.kz

– Мақпал «Қазақконцерттегі» шуағымыз ғой. Оның кісі баласына жаттық танытпайтыны сол, біз әріптес қана емес, апалы-сіңлідей болып кеткенбіз.

Мақпалды қаралағандарға айтарым, әуелі ол жүрген жолмен жүріп, көрген қиындығын өткерсін. Ел алдында жүрген адам болған соң қит еткен қылығы үшін сөзге қалады. Соған орай оның да қоғамға қарасты ойын айтуға құқығы бар шығар. Әлде оның жаны немесе жүрегі жоқ дейсіздер ме?!

Қанша жылдан бері жалғыздықтың жүгін көтеріп келеді. Оны тағдырдың тауқыметі жанына батқан әйел түсінеді деп ойлаймын. Жанұясы бар бола тұрып, жылап жүрген әйелдер қаншама?! Сондықтан Мақпалды шалыс басты деп емес, шаршады деп есептеймін. Қара нардың жүгін бір өзі арқалап келе жатқан қазақтың қызы. Солай бола тұра махаббатына да, өнерге де қиянат жасамай, тура жолымен келе жатыр. Тек мойымаса екен деп тілеймін.