10 Маусым 15:10
...

«Сәкендердің тойын талқылап жүре бергеніміз билікке тиімді» – Дау болған «онлайн той» туралы өнер адамдары не дейді?

Әнші
Фото: Ғаламтордан

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, Сәкен Майғазиевтің жалғыз ұлының алда өтер тойы желіде жызу талқыға түсуде. Мәселен, тойды ұйымдастырушы продюсер Жан Мұқанов «бұл жәй ғана қуаныш емес – елдің мәдени өміріндегі ерекше сәт» деп айға аспанды бір-ақ шығарса, Сәкеннің өзі тойды онлайн-форматта жұрттың бәрі тамашалауға мүмкіндік алатынын айтып мақтанды.

Бұдан соң ұйымдастырушылар онлайн трансляция үшін жабық телеграм арнасы ашылғанын хабарлады. Ол үшін тіркелу қажет болады, ал оның ақысы – 1380 теңге. Мұны естіген көпшілік танымал әншінің «жұмыртқадан жүн қырыққандай болғанын», тойынан табыс табуға ұмтылғанын талқыға салды. Әнші біткеннің шашбауын көтеріп жүретін Анна Данченко: «Ол ақша Сәкен ағаның қалтасына түспейді. ПТС камерамен түсіретін ұжым мен серверге төленеді», – деп ақтауға тырысты.

Қоғам белсендісі Сұлтан Сүлеев былай деп қағытты: «1380 теңге төлейміз, бірақ салат жемейміз, фанта ішпейміз, билемейміз. Онда несіне тойға бардық дейміз?». «Алғашқы неке түніне онлайн билет сату ғана қалды» деп күйінген ол тағы: «Онда Мұзарттың бір әнін тыңдамаймын. «Шымкенттің салқын сырасы» мен «Ұйқым келмейдіні» қайталап тыңдай берем», – деп кіжінді.

Ал Сәкеннің өнердегі өзге әріптестері не дер екен? Жеке басыңның қуаншы саналатын тойды трендке айналдыру дұрыс па, әлде бұрыс па?

Алтай САБАНШИНОВ, той ұйымдастырушы:

Ұят нәрсе!

С
А.Сабаншиновтың жеке мұрағатнан

Атақ даңқым бар екен деп асыра сілтеу ұят нәрсе деп ойлаймын. Сәкенге жараспайтын тірлік. Жеке бастың қуанышын бүкіл елге жария жасаудың не қажеті бар?! Айналасында жүргендердің «қырып ақша табамыз» деп жасап жүргені шығар. Онсыз да бүкіл қазақ Сәкен Майғазиевті жыға таниды.

Бағдат СӘМЕДИНОВА, әнші:

Сәкеннің өзі білмейтін шығар

С
egemen.kz

Өз басым ондайды жариялағанды жақсы көрмеймін. Бірақ той иесі өзі біледі де. Онсыз да тойға барған адамдар жалпақ жұртқа не болып, не қойғанын жариялап жібереді. Бәлкім, бұл жағдайды Сәкеннің өзі білмейтін шығар.

Сембек ЖҰМАҒАЛИЕВ, әнші: 

Қарапайым той жасаса, тағы сөзге қалады

Ж
el.kz

– Жалғыз ұл болған соң «статусный той» жасағысы келген болар. Ата-ана болған соң ұлын ұяға, қызын қияға абыроймен қондырғанды қалайды ғой. Оның еш сөкеттігі жоқ. Қарабайыр етіп жасаса, «жұпыны қылды» деп тағы сөзге қалады. Бірақ тойы ақылы түрде сатылымға түседі дегенді естімеппін. Егер рас болса, желіге салу қаншалықты қажет?! Ол жағын енді түсінбедім.

Еркін РАҚЫШЕВ, режиссер: 

Дамыған елдер Марсқа ұшып жатыр, ал біз...

Р
qazaquni.kz

– Мен көп нәрсені түсінбеймін. Себебі, өз басым тойды дарақылықпен жасауды құп көрмеймін. Ағайын-туыс, құда-жегжаттың басын қосып, тойды 100-150 адамға арнап ұйымдастырған дұрыс болар еді. Әйтпесе, бір-бірінен көріп, «ойбай анадан қалам ба» деп шамасына қарамай, кредике той жасайтындар бар. «Көрпеңе қарап, көсіл» деген. Егер саналы ұлт боламыз десек, еліктеуден, азғындаудан аулақ болғанымыз абзал.

Талай аста-төк тойды көрдім, соңынан көп уақыт өтпей «жастар айырылысып кетіпті» дегенді естіп жатамыз. Әлем бойынша да ажырасу жағынан алдыңғы қатарда тұрған елдердің санатына кірдік. Осының бәрі азғындық, көреалмаушылық, өсек аяң айтудың салдары. Біздің бұлай жүргеніміз билікке тиімді. Өйткені оларға сын айтпай, дарақылыққа, ұсақ сөзге салынып, Сәкендердің тойын талқыға салып жүре бергеніміз керек. Дамыған елдер Марсқа ұшып жатыр. Санамызды өзгертпей, оңбаймыз. Дені сау, рухы мықты, өркениетке қол созған ұлт қалыптастыруға ұмтылуымыз қажет.