«Оның келген-кеткені маған әсер етпейді» – Ермек Тұрсыновтың әріптестері не дейді?

Белгілі режиссер Ермек Тұрсыновтың елден кеткені әлі талқыға түсуде. Киногердің өзі қысым көргенін мәлімдесе, ал Антикор ешқантай қыспаққа алмағанын айты. Сонымен, Тұрсынов қайда кетті? Оның бұл шешімін әріптестері қалай қабылдады? Тілшіміз анықтап көрді.
Айдын САХАМАН, режиссер:
Ештеңе айта алмаймын
– Ол кісінің кеткенін елден естідім, бірақ түптеп оқымадым. Түсірген киноларында әңгіме жоқ, ал жеке басы жайлы ештеңе айта алмаймын.

Мұрат АХМАНОВ, актер, режисер:
«Елден кетті» деген сөздің өзі жақсы емес
– Ермек елден не үшін кетті, не жағдай болды? Ол жағын бажайламаппын. Бірақ «елден кетті» деген сөздің өзі жақсы емес. Яғни, бірдеңе дұрыс болмады. Кезінде Атабаевтың да кетіп қалғаны бар. Біреумен көзқарасы келіспей, бір жағдай болған шығар деп ойлаймын. Негізі өнер адамдары саясатқа араласа бермеуі керек. «Бірақ сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген тағы бар. Бірақ зиялы қауымдардың қуғынмен кеткені жақсы емес. Бар айтарым – осы.

Гүлжамал ҚАЗАҚБАЕВА, актриса:
Қазаққа керек режиссер деп ойлайтынмын
– Енді ол кісінің бірді-екілі фильмінде эпизодқа түскенңм бар. Бірақ не үшін осындай шешім қабылдады, ол жағы беймәлім. Елдер «себебін жазып кетті» десіп жатыр. Бірақ, өз басым оны оқымадым. Абай да қазақты сынады, бірақ ол халқын жек көргеннен айтты деп ойламаймын. Ермекпен етене араласып көрген емеспін, бірақ түсірген туындыларын қарап, қазаққа керек режиссер деп ойлайтынмын.

Қанат ТӨРЕБАЙ, продюсер:
Кеткені өкінішті
– Бірге біршама жобаларды жасағанымызбен, біраз уақыт менімен хабарласпай жүрді. Ал кеткенін әлеуметтік желідегі жазбасынан бір-ақ білдім. Бірақ қайда, қашан кетті, ештеңе білмеймін. Кім не десе де ол азаматтық позициясын ешқашан жасырмаған адам. Сынаса, жанайқайы болар. Жоспарлаған концерттерін де өткізбеді. Кеткені өкінішті.

Тұңғышбай Жаманқұлов, актер:
Асанәлі Әшімов досы ғой, мән-жайды сол кісіден сұраңдар
– Жағдайды желіден білдім. Өзі «тексерейін деп жатыр» деді ме, бірдеңе деді ғой. Оның бірде-бір киносына түскен емеспін. Сондықтан оның келген-кеткені маған әсер етпейді. Алдында тағы кетіп қалып, Америкада тұрып келді ғой. Оның үстіне Антикор да ол ешқандай жауапқа тартылмады дегенді айтты. Жалпы бұл әңгімеге мені араластырмай-ақ қойыңдаршы. Асанәлі Әшімов досы ғой, мән-жайды сол кісіден сұраңдар.

Тілшіміз Асанәлі Әшімовке де қоңырау шалған, бірақ қазақ киносының абызы сұрақты естіген бойда телефон тұтқасын қоя салды...