30 Желтоқсан 16:28
...

«Қуанышпен қатар қайғысы да болды...» – Өнер иелері 2024 жылды қалай өткерді?

2024
Фото: ғаламтордан

Көпшілік Ұлу жылын сынақ мезетіне жатқызғанмен, оның да өзіндік ерекшелігі жоқ емес. Осы орайда әрдайым жаңашылдыққа жаны құмар өнер жұлдыздарының бірқатарына хабарластық. Олардың ескі жылда кеткен есесі бар ма? Алдағы жылдан не күтеді?

Жанар Дұғалова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

                                                            Биыл мүшелден шықтым

Дүғалова
Ж.Дұғалованың инстаграм парақшасынан

Өткен жылға өте ризамын. Себебі, шығармашылық пен жеке өміріме қатысты көптеген жақсы жаңалықтар болды. Биыл оның үстіне 37 жас, яғни мүшелден шығып жатырмын. Сынақтан тұратын осы сәттен аман-есен шыққаныма шүкіршілік етемін.

Биыл бір жағынан декреттік демалыста отырдым. Балам жуырда бір жасқа толды. Бірақ соған қарамастан, репертуарым 5-6 әнмен толықты. Қазіргі таңда өздеріңіз білетіндей, онлайн-арналардың бірінде «Жаңа Жанель» хикаясы жүріп жатыр. Мұны да биылғы еңбегімнің жемісінің бір көрінісі деп білемін.

Десе де іштей жеткіліксіз жұмыс істедім бе деп күмәнданып та қоямын. Бұл енді пенде баласына сай, өзіме қойған ішкі талабым болар. Дегенмен, жыл көңілқуантарлық дәрежеде болды. Сондықтан өткен жылға өкпем жоқ, ал Жаңа жылдан жақсы жаңалықтар күтемін! Еліміз аман болсын!

Әділ Ахметов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер:

                              «Қажымұқан» фильмінде Мұңайтпас атамызды сомдадым

Ахметов
ernur.kz

– Әр жылдың өзінің қуанышымен қатар ауыртпашылығы да бірге жүреді ғой. Егер жеке басыма қатысты айтар болсам, биыл екі-үш жаңа фильмге түстім. Екі ел президентінің қатысуымен өткен Қазақстанның Әзербайжандағы және Қазақстаннның Тәжікістандағы мәдениет күндеріне арналған шараларды жүргіздім. Театрымызда тұсауы кесілген премьераларда басты рөлдер бұйырды. Сол сияқты өзім қызмет ететін «Жастар театры» «Ертіс-Баян» І республикалық театр фестивалінде режиссер Д.Серғазиннің «Күйеу бала» спектаклі бас жүлдеге қол жеткізді.

Бұдан өзге жуырда «17.24» атты телехикаяға түстім. Бұйырса, экранға шығады. Сондай-ақ «Қажымұқан» фильмінде Мұңайтпас атамызды образдау бұйырды. Мен үшін тағы бір қуаныш – ұстазым Нұрқанат Жақыпбайдың Алматы облысының құрметті азаматы атанғаны болды.

Ал жаныма батқан жағдайлар тұрғысынан айтар болсам, жуырда болған ұшақ апаты мені ұзақ ойландырды. Ал Шерзат бауырымыздың қазасы бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырды десем болар. Қос қазаны өткерген ата-анасына сабыр тілеймін. Келер 2025 жыл сәтті жыл болса екен деп сұраймын. Ел аман, жұрт тыныш болып, көрер қуаныш көбейсін деген тілегім бар.

Ермек Бектасов, М.Әуезов атындағы театрдың актері:

                                                  Қуанышпен қатар қайғысы да болды

Бектасов
auezov-theatre.kz

– Әр жылдың өзінің алып келер қуанышымен қатар қайғысы да болады ғой. Биыл қызым дүнеиеге келді. Осылайша төбем көкке жетіп жүргенде әкемнен айырылып қалдым. Қазір сегіз ай толған перзентіме әкем Арайлым деп ат қойып кетті.

Шығармашылық тұрғысынан айтар болсам, бүгінгі таңда театрымыз жөндеу жұмыстарынан өтіп жатыр. Енді жаңа ғимаратқа кірсек деп отырмысз. Осыған орай бізде биыл айтарлықтай пермьералар бола қоймады. Десе де театрымыздың басшысы Еркін Жуасбек мырза осы мәселеге қарамастан, әр актерге жеке жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Оның жемісіне өзім сахналаған «Контрабас» қойылымын жатқызамын. Алда осы туындыны дамытып, театр фестиваліне қатыстырсам деген жоспарым бар.

Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» повесі бойынша кино түсіріліп жатыр. Сонда Тұражан атты жағымсыз кейіпкерді сомдаймын. Мен үшін мұндай рөлді алып шығудың маңызы өте зор, себебі жағымсыз адамның табиғатын, тыныс-тіршілігін алып шығу біраз ізденісті талап етеді.

Еліміз өніп-өсіп, өркендеп, болашағымыз жарқын болып, әр салада әділеттілік орнаса деген тілегім бар. Көк туымыз дамыған елдердің қатарында иық тіресіп тұрса деймін.

Айгүл Иманбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актриса:

                                             Немерелі болдым, өзім де тұрмысқа шықтым

Иманбаева
ғаламтордан

– Ұлу жылына еш өкпем жоқ. Жеке басым үшін де, отбасым үшін де жақсы жаңалықтарға толы болды. Ұлым үйленіп, немерелі болдым. Өзім де тұрмысқа шықтым. Шетелде оқып, аман-есен елге оралдым. Бұйырса, докторантураға түсуге әзірленіп жатырмын.

«А.И театрында» да айтарлықтай жаңалықтар жеткілікті. Мәселен, Астана қаласындағы белгілі ақын Мақпал Жұмабай ашқан ХАБ-пен келісімшартқа отырдық, алда өнер ұжымы осы ғимаратта қойылымдарын жалғастыратын болды. Ондағы креативті жастар тобына айтар алғысым шексіз. Қатып қалған қағидаға сүйенбей, қоғамда қандай тақырып өзекті, соны пьеса арқылы көзі қырағы көрерменге жеткізіп жүр.

Атап айтар болсам, ата-ана мен бала арасындағы байланыс, зорлық-зомбылық, әділетсіздік – біздің театрдың тақырыбынан тыс қалып жатқан жоқ. Осылайша театр жастарының өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып отыр. Сол сияқты биыл «А.И өнер академиясын» бітірген 20 баланың 19-ы жоғары оқуға түссе, оның басым бөлігі грантқа қол жеткізді. Кәсіби өнер мектебім ашылғалы мыңнан аса бала шеберлігін шыңдаған екен. Ол шәкірттерімнің алды үлкен экранға шыққан туындыларға дубляж жасап, актерлік шеберлігін сынап, қалаберді түрлі мерекелік кештерді жүргізіп жүр. Бұл жалғыз менің ғана емес, мен сенім артқан командамның еңбегінің жемісі деп білем.

Ұстаздық жолда 19 жыл жүргеніме орай биыл Қазақ ұлттық өнер университетінде бірінші курсты қабылдап алдым. Қара шаңырақтағы музыкалық драма бөлімінде Айгүл Иманбаева атындағы шеберхана бар. Онда тәлім алған студенттерім де қасымда, өнердің қайнаған ортасында келеді. Енді осы салған сара жолымызды жалғастырып, тұщымды жұмыстар жасау келер Жылан жылының еншісінде.