20 Қараша 15:10
...

Қазақстан Ресейдің бұрынғы депутатына іздеу жариялады

Олег Колташов
Фото: qamqor.gov.kz

Қазақстанның Қаржы мониторингі агенттігі Ресейдің бұрынғы депутаты Олег Колташовқа іздеу жариялады. 

Астана, NEGE. Құқықтық статистика порталында 1969 жылы туған Олег Анатольевич Колташовқа қатысты іздеу карточкасын жариялады. Құжатта оны Солтүстік Қазақстан облысының Экономикалық тергеу департаменті 2025 жылдың 7 қарашасынан бері іздеп жатқаны көрсетілген.

АФМ Nege.kz порталына Колташовқа қатысты Қылмыстық кодекстің 195-бабы 5-бөлігі «Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Іздеу жарияланған Колташов туралы мәліметтер «Единая Россия» партиясының сайтында көрсетілген Курган облыстық Думасының бұрынғы депутаты Олег Колташовтың өмірбаянымен сәйкес келеді. Ол астықты ұнға өңдеу саласында бизнес жүргізген. 2019 жылы Forbes тізіміне еніп, Ресейдегі ең дәулетті шенеуніктер мен депутаттардың бірі болған. Сол кезде оның байлығы 765 млн рубль деп бағаланған.

2022 жылы Колташов Қазақстанда еншілес компания ашып, Курган облысынан Орталық Азия елдеріне астық жеткізуді жолға қойғаны хабарланған.

Тегтер: