Соғыстың құны: Қаза тапқандар мен жараланғандар саны миллионнан асты
The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Ресей мен Украина арасында соғыс басталғалы бергі екі жарым жылда қаза тапқандар мен жараланғандардың саны миллионнан асқан.
WSJ дерегіне сенсек, бұл соғыста Ресей тарапынан 200 мың жауынгер өліп, 400 мыңға жуығы жараланған, ал Украинаның 80 мың әскері шейіт болып, 400 мыңға жуығы жарақат алған.
«Міне, бұл соғыстың құны осындай: қаза тапқандар мен жараланғандардың саны миллионнан асты», – деп жазды The Wall Street Journal.
Ал енді басылым бұл санды қайдан алды? Түрлі дерек көздерінен алған. Қаза болғандар мен жараланғандардың нақты санын анықтау қиынға соғыпты. Ресей ресми сандарды жариялаудан бас тартса, Украинаның шығындары туралы ақпарат та жабық, дегенмен бағалау бойынша қорғанушы тараптан 80 мың жауынгер өліп, 400 мыңы жараланғаны анықталған.
Ресейдің шығынын анықтауда басылым Батыс барлаушыларының дерегіне сүйенген. Олардың есебінше, Ресей 200 мыңға жуық жаунгерінен айырылған және тағы 400 мың солдаты жаралы қайтқан. Өлгендер мен жараланғандар жөнінен Ресейдің шығыны көп, ал материалдық тұрғыдан Украина қатты зардап шекті. Екі мемлекет үшін де алдағы уақытта бұл шығындардың салдары тым ауыр болмақ.
Бұдан бөлек, басылым былай деп ұйғарым жасайды: Ресейдегі мүшкіл демографиялық ахуалды Путин Украинаның елі мен жерін жаулап алу арқылы жақсартпақ болды. Соның салдарынан Украинадан 10 млн-ға жуық адам босып кетті. Ал 2014 жылы Путиннің Қырымды аннекциялап алған тиімді әрекетінен соң Ресей халқы шамамен 2,4 млн адамға өсті. Алайда, ішкі демография мен еңбек нарқы бұрынғыдан да тұралап қалды. Өйткені Украинаға басып кіргелі бері 600 мың ресейлік елден қашып кеткен.
2001 жылы соңғы рет Украинада халық санағы жүргізілгенде тұрғындар саны 48 млн болған. Украина демографтары мен үкімет адамдарының дерегінше, 2022 жылдың басында халық саны 40 млн-ға дейін төмендеген. Бұл – 2014 жылы Ресей тартып алған Қырым халқын қосқандағы есеп.
Сондай-ақ басылым БҰҰ зерттеулерін де пайдаланған. БҰҰ дерегінше, 2022 жылдың ақпанынан бері Украинадан 6 миллионнан астам адам кетіп қалған. Ресей жаңа жерлерді басып алып жатыр, соын салдарынан Киев бақылап отырған территориядағы халық саны 25-27 млн-ға дейін кеміпті.
Украина үкіметінің мәліметіне қарағанда, биылғы жылдың алғашқы жартысында өмірге келген адамдар санынан өлгендердің саны үш есе көп екен. Бұл кезеңде 250 мың адам өліп, 87 мың бала дүниеге келген. 2021 жылдың осы кезеңінде 130 мың сәби дүниеге келген болатын.
Украинаның бұрынғы шенеуніктерінің айтуынша, Владимир Зеленский 18-25 жас аралығындағы жас жігіттердің денін әскерге шақыртудан бас тартып отыр. Өйткені олардың көпшілігі бала сүйіп үлгерген жоқ. Егер жаппай әскерге шақыртып алса, көбі не өліп қалады, не ештеңеге жарамсыз боп қайтады. Қазір Украина әскерилерінің дені – жасы 43-тен асып кеткен сақа жауынгерлер. Әскердің санын арттыруда Киев сотталғандар мен шетелдік жалдамалыларға басымдық беріп отыр.
Бұл соғыста оққа ұшқан бейбіт халықтың нақты саны әлі анықталмаған. Human Rights Watch үкіметтік емес ұйымының дерегінше, Ресей Украинаның оңтүстік-шығысындағы қала Мариупольге басып кіргенде-ақ 8 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза болған екен.