«Ол соғысты қолдайды» – Пресняковтың концерті туралы отандық әншілер не дейді?
Ресейлік әнші Владимир Пресняков наурыздың 15-і күні Астанада, ал 16-сы Алматы қаласында концерт бермек. Әлеуметтік желіде оның концертіне қарсы петиция басталды. Себебі Пресняков 2022 жылы берген концерттен түскен табысын Украинаға қарсы шабуылдап жатқан РФ армиясына аударғанын мәлімдеген. Соның салдарынан 2023 жылы 7 қаңтарда Украинаның санкциялар тізіміне енді.
NEGE тілшісі отандық әншілерге хабарласып, В.Пресняковтың концертіне қатысты пікір сұрап көрді.
Медеу АРЫНБАЕВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
Күнін көре алмай жүрген соң Қазақстанға келеді де...
– Өз басым қазір алыс-жақын елдегі айқастан гөрі шыққан тегімізді білуге қарасты ғылыми тарихқа көп қарайлап жүрмін. Сондықтан өзімді саяси сауаттымын деп айта алмаймын. Ал Пресняковтың жайын шамалар болсам, оның творчествосын бала күнімнен жақсы білемін. Кеңес үкіметінің идеологиясын қолдай отырып, өзін Майкл Джексондармен иық тіресетін деңгейде санаған поп-музыканың өкілі.
Алдыңғы буын оң қолымен микрофон ұстап, сол қолымен Ленинді нұсқап шықса, сахнаға қос қолын жоғары көтеріп, бұраңдап билей көтерілген Пресняковтың өнері жаңалықтай көрінді. Соған орай ырғақты әніне жұрт еліте биледі. Одан кейін Киркоров, Шатуновтар шыққан соң оның дауысының әлсіз екені байқалып қалды. Сондықтан оған бұрынғы атағын арқаланып жүруіне тура келді. Ал қазір мүлде көмескіленді. Анығын айтқанда, оның шығармашылығы – өлместің тірлігі. Бұдан соң амал жоқ саяси элитаны қолдайды. Сондықтан өз басым оның концертіне бармаймын және шақырса да бармас едім.
Қазіргі жастар да Пресняков келді екен деп, құрақ ұша жөнелетін ақымақ емес. Оның кешінен келер пайда жоқ. Саяси құрал ретінде бейбіт өмірімізге от салады деп те үрейленбеймін. Мұнда арқасы қозып кететін рок әншілерден қорқу керек. Бір сөзбен айтқанда, Пресняковтың жағдайы аянышты деп ойлаймын, ал тапқан ақшасын соғысты қолдауға жібереді дегенге тіпті сенбеймін. Күнін көре алмай әрең жүрген соң Қазақстанға кеп, нан тауып кетеді де.
Жанна ОРЫНБАСАРОВА, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
Табысын соғысты қолдауға аударса, елге келуін құптамаймын
– Негізі әнші болсын, басқа болсын соғысты қолдайтын адамды ешқашан қолдамаймын. Себебі көршілес елдердегі қырғи-қабақ жағдай бізге де зиянын тигізеді.
Дегенмен, жас кезімізде Пресняковтың әндерін тыңдап өскен соң оның шығармашылығы бізге етене таныс. Бірақ ол шынымен Қазақстанға берген концертінен түскен қаражатты соғысқа жіберсе, онда елімізге келуіне түбегейлі қарсымын.
Жеңіс ЫСҚАҚОВА, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
Табиғатты қорғау ұйымдарын қолдаса, әңгіме басқа
– Бұл өзі өткір мәселе ғой. Себебі осының алдында біраз ресейлік әншілердің концертін өткізбей қойып едік, «бізді шеттетті» деп шуылдап жатыр. Қазақстанда орыс тілі тұқыртылып жатыр деген Тина Канделакидің сөзі де осыдан туындаған әңгіме. Дегенмен, су ішкен құдығына түкірмей, осындай жалаң сөздерге ермей, татулыққа жұмылып отырған еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне ризашылығым шексіз.
Менің девизім – әлемде тыныштық болса екен. Біз ақшаны соғысқа емес, адамзатқа нәубет төндіретін табиғи катаклизмдердің алдын алуға жұмсауымыз керек. Яғни, Пресняков тапқан табысын табиғатты қорғауға және ғалымдарға қолдау көрсететін қорларға аударса, онда қос қолымды көтеріп қолдаймын. Тіпті ондай жобаларда өзім де өнер көрсеткен болар едім. Ал егер соғысты көксесе, ондай әртісті есігімнен қаратпақ түгілі, ұшақтан түсірмес едім.
Айдар ТҰРҒАМБЕК, «Жігіттер» тобының солисі, әнші:
Тыйым салу керек!
– «Өнерде шекара жоқ» дейді ғой. Бірақ Пресняковтің біз жайлы ойы, пікірі қандай екен? Мәселе – осында. Кім болса да бейбітшілікті қолдамайтын адамның біздің елде өнер көрсетуіне тыйым салу керек.
Қазіргі таңда Ресейден, өзге де елдерден әншілер кеп жатыр ғой. Солардың арасында кімді кіргізіп, кімді кіргізбеу керек екенін іріктеу керек сияқты. Өйткені бұл біздің халықаралық имиджімізге әсер етеді. Онсыз да қауіп көп.