16 Ақпан 16:48
...

Соғыс: Ресей Олимпиаданың аяқталуын күтіп отыр ма?

Фото:

Ресей Украина шекарасы маңына топтастырған әскерін әкететінін жариялады. Батыс елдері болса, жүз мыңдаған әскер тұрғылықты орнына қайтпайынша, «уҺ» деуге әлі ерте дейді. Десе де, ушыққан жағдай сейілгендей көрінгенімен, мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Оның ауылы да алыс. Мұны тараптар өте жақсы түсініп отыр.

Ресей Думасы жағдайды одан бетер ушықтырып, Донецкі мен Луганскінің «тәуелсіздігін» тану мәселесін көтерді. Осы ұсынысын Путинге дереу жолдамақ. Нағыз соғыстың қаупі Ресей қоғамын да ойландырып тастағандай. Геосаясатшылдықпен тым әуестенудің арты жақсылыққа апармайтынын айта бастағандардың қарасы көбейді. Мәселен, «Новые люди» фракциясы Шығыс Украинаның бүлікшілерін қолдауға қарсы шықты.

Сонымен, соғыс қаупі сейілді ме? Бұл сұраққа қазақстандық сарапшылар жауап іздеп көрді.

Саясат Нұрбек, саясаттанушы:

Қытайдың өз Қырымы бар

– Қазір Қытайда қысқы олимпиада болып жатыр. Менің түсінгенімше, Путинге Си Цзиньпин: «Әзірге қоя тұр. Алдымен олимпиадамды өткізіп алайын» деп өтініш жасаған. Сочиде олимпиада өткен соң Ресейдің Грузияға шабуыл бастағаны есте.

Әзірше Ресей жағы да, НАТО жағы да ақпараттық ұпай жинап жатыр. «Біз былай деп едік, олар қорқып кетті» дегендей. Өз өздерін жұбатып жатыр. Олимпиада аяқталған соң, риторика қайта күшеюі мүмкін.

Ресей Қырымды электр қуатымен не сумен қамтамасыз етуге мүмкіндіктері жоқ. Қырымды орыстар бәрібір қайтарып бермейді. Сондықтан Қырымға қалайда жол ашу керек. Не Донецк арқылы не Херсон арқылы. Сондықтан жанжал ұзаққа созылады.

Соғысты ешкім бастағысы келмейді. Кім бірінші артқа шегінеді деп әліптің артын бағып тұр.

Жаман сценарий бойынша, үшінші дүниежүзілік соғыс болмаса да, үлкен жанжалдар басталып кетуі ықтимал. Қытайдың өз Қырымы бар. Ол ­– Тайвань. Екінші сценарий бойынша, жағдай осылай ушығып барып, саябырсиды. Бірақ шиеленістің соңы бұл емес.

Сергей Дуванов, саясаткер: 

Соғыс қазір де болып жатыр

­

– Алапат соғысқа ұласпайды деп ойлаймын. Соғыс қазір де болып жатыр. Бірақ басқаша түрде. Украина мен Ресей арасындағы ахуал – ­соғыстың ахуалы. Оқ қарша борамаса да, Украина үшін өте қауіпті, ерекше соғыс.

Путин жария түрде әскерін төгіп, дайындық жасаса да, соғысты бастамайды деп ойлаймын. Тікелей жанжалға баратындай, ол соншалықты ақымақ емес.

Мәскеу «ЛНР», «ДНР»-ді тануы ғажап емес. Мұның бәрі мен айтқан соғыстың шеңберінде жүріп жатыр. Олар жағдайды тұрақсыздандырып, Украинада Ресейге қарсы көңіл күйді күшейтеді. Олардың бізге беймәлім мақсаттарды көздеп отыруы да мүмкін.

Дос Көшім, саясаткер:

Ресейдің жағдайы мүшкіл

­

– Менің ойымша, соғыс болмайтын сияқты. Өйткені, ол екі тарапқа да керек емес. Ресей онсыз да санкция құрсауында отыр. Соғыс бола қалса, экономикалық жағынан мүлде блокада қойылады. Соғыс басталса, басқа мемлекеттер араағайын болып, біраз уақыттан кейін тоқтатуы мүмкін. Бұрынғы соғыстардай енді соғыс бес жыл, он жылға созылмайды. Бірақ одан кейін Ресейдің жағдайы мүшкіл болады.

Осыны біле тұра, соғысқа барса, бұл ­– ақымақтық. Путинді ақымақ дей алмаймын.

Қазір Украина да таяқ жейтін бала емес. Деңгейі, рухы, әскери дайындығы күшейді.

Тегтер: