22 Желтоқсан 08:46
...

«Соғым-пати»: Арзан етті қайдан алуға болады? (Фоторепортаж)

Фото:

Елімізде ет бағасы қымбаттап барады. Оған биылғы құрғақшылық пен жем-шөп тапшылығы әсер етіп жатқан сыңайлы. Қанша қымбатшылық болса да, қазақ еттен бас тартсын ба? Қыс түссе болды, соғымның қамын ойлайды. Бағаның шарықтауына да қарамастан, ет дүкендерінде сабылып жүрген халықтың қарасы қалың. 

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев соңғы мәлімдемесінде ет бағасының әлі де өсуі мүмкін екенін айтқан болатын. 

«Биыл қиын жыл болды. Жем-шөп бағасы өсіп жатыр. Сол себептен еттің бағасы өсуі ықтимал. Себебі ет өндіріп жатқан шаруа қожалықтары да шығындарын өтеуі керек қой. Сондықтан еттің бағасы өседі деп жоспарлап отырмыз. Бірақ қатты өсуі болмайтын шығар», – деді министр.

Ет пен құс етін, сондай-ақ олардан алынатын өнімдер бір жылда 6,4 пайызға өсіп, 2021 жылдың қаңтар-қараша айларында 250,7 мың тоннаға жетті. Оның 194,8 мың тоннасы – құс еті, 55,9 мың тоннасы – ірі қара және ұсақ мал, шошқа және жылқы еттері болды.

Nege.kz порталының тілшісі Алматы қаласындағы ірі базарларды аралап, ет бағасын салыстырып көрген болатын. «Қызыл аңсаған» алматылықтарға пайдасы тисе, мархабат.

«Алтын Орда» базары

Халықтың көпшілігі қажетті азық-түлікті арзан бағада сатып алу үшін «Алтын Орда» базарына ағылатыны белгілі. Базарда ет таңдап жүрген адам көп. Бағасына бір, сапасына бір қарап сабылады. 

«Алтын Орда» базарындағы еттің орташа құны төмендегідей:

Қой еті – 2000 теңге;

Сиыр еті – 2500-2600 теңге;

Жылқы еті – 2400-2600 теңге. 

Көтерме сауда базары (Оптовка)

Қаладағы дүкендердің, мейрамханалар мен асханалардың барлығы қажетті тауарларды осы базардан төменгі бағада сатып алып жатады. Бағасы орташа деңгейде болғанымен, төмен бағадағы ет өнімін байқай алмадық. 

Көтерме сауда базарындағы еттің орташа құны:

Қой еті – 2000-2300 теңге;

Сиыр еті – 2600-2700 теңге;

Жылқы еті – 3000-3200 теңге. 

«Көк базар»

Көк базардағы сиыр, қой еттерінің бағасы басқа базарлармен бірдей болғанымен, жылқы етінің қымбат сатылып жатқанын байқадық. 

Көк базардағы еттің орташа құны:

Қой еті – 2100-2300 теңге;

Сиыр еті – 2600-2700 теңге;

Жылқы еті – 3500-4000 теңге. 

Ет дүкендеріндегі баға базардағы бағамен бірдей. Базарларда, дүкендерде қазы-қартаның саудасы қызып тұрғаны байқалады. Қазының бағасы етпен бірге алсаңыз 3800 теңге, ал тек қазы алатын болсаңыз келісі 4500 теңгеден басталады. 

Сауда орталықтарында, супермаркеттерде, «Magnum» гипермаркеттерінде еттің бағасы айтарлықтай қымбат. Мұнда сиыр етінің орташа құны 4 000 теңгеге дейін барады. 

2021 жылдың тамыз айында дүкендер мен базарларда сүйегі бар сиыр етінің орташа бағасы 2 200 теңге болған. Ал жылқы еті 2 500 теңгеден сатылды. Ал желтоқсан айындағы баға жоғарыдағыдай. Ет бағасының ай сайын өсіп жатқанын байқауға болады. 

Еттің бағасы көтерілген сайын оны сатып алу көлемі азайып барады. Мәселен, жарты жылдың ішінде адам басына шаққанда қой етін тұтыну көрсеткіші бірден 10,6 пайызға төмендеп, 2,5 келіге түскен.

«Жаздағы қуаңшылыққа байланысты қыста ет бағасы қымбаттай ма?» деген сауалға Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Төлеутай Рақымбеков жауап берген. 

«Менің ойымша, баға елеулі түрде шарықтамайды. Алайда еттің құны өсуі мүмкін екенін әлеуметтік желіде жазған болатынмын, яғни Маңғыстау және Қызылорда облыстарында мал шығыны болғанда. Осы орайда малдың қырылуына қатысты тоқталсам, жағдай дүрбелең жасауға тырысқан кейбір адамдар айтқандай үрейлі емес. Жеңіл танымалдықты қуғандар Қазақстанда үш млн бас мал қырылатынын жазған еді», – деген болатын Т.Рақымбеков.

25 қарашада ведомствоаралық комиссия алты айға ірі қара мен ұсақ малды экспорттауға толық тыйым салу туралы шешім қабылдады. Шектеулер 25 желтоқсанда күшіне енеді. Мамандар алты ай малды экспорттауға тыйым салу қазақстандық фермерлерді табысының 30 пайызынан айыруы мүмкін дейді. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл тыйым ет бағасын тұрақты ұстап тұру үшін енгізіліп отыр деп түсіндірді. 

Тегтер: