9 Тамыз 14:20
...

Смайылов әкімдерді сынға алды

Фото:

Премьер-министр Әлихан Смайылов тұрғындармен бетпе-бет кездесу өткізгісі келмейтін әкімдерді сынға алды. 

Алматы, NEGE. Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлер мен әкімдердің халықпен кездесулері жаңа форматқа сәйкес «жүзбе-жүз, ашық тілдесу» түрінде өткізілетінін атап өтті.

Сондай-ақ халықпен кездесулер алдында азаматтардың өтініштеріне алдын ала талдау жүргізілді, ол проблемаларды неғұрлым егжей-тегжейлі зерделеуге, әкімдік деңгейінде немесе ведомствоаралық өзара іс-қимыл арқасында оларды шешудің жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді.

«Халықпен кездесуден соң барлық деңгейдегі әкімдер проблемалық мәселелерді жүйелейді, ал оларды қаржыландыру мүмкіндіктері мәслихат сессияларында қаралады», — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысының айтуынша, кейбір өңірлерде кездесудің жаңа форматына бейімделмей, ескі сүрлеуден шыға алмай отырғандар да бар. Алайда, бұған қарамастан, мұндай шараларға еркін кіру принципі сақталуы керек.

«Мемлекет басшысы “халық үніне құлақ асатын мемлекет” принципінің маңыздылығын атап көрсетті. Біз халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың сын-пікірлерін де тыңдай білуіміз керек. Адамдарды күнделікті болып жатқан қарапайым мәселелер алаңдатады. Тек осындай кездесулердің қорытындысы бойынша ғана халықтың тарапынан 30 мыңға жуық мәселе мен ұсыныс көтерілді. Бұлардың бірде-біреуі қараусыз қалмауы тиіс. Адамдар өздері көтерген мәселелердің нақты шешімін тауып жатқанын көруі керек», — деді Премьер-Министр. 

Осыған байланысты орталық және жергілікті органдар халықпен жоспарланған кездесулерді жалғастырып, қандай жұмыс атқарылды, басқа мәселелер қалай шешімін табады – соның бәрін нақты көрсету үшін әр кездесуді кеңінен жариялап отыруы керек. 

Министрлер мен әкімдерге халықпен кездесулердің нәтижелілігін арттыру тапсырылды. Мұнда проблемалық мәселелердің жедел шешілуіне басымдық беріп, нысаналы топтармен тұрақты кездесулер өткізіп отыру керек.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов республикалық және жергілікті бюджеттердің жобаларын қалыптастыру немесе нақтылау кезінде халықтың кездесулер барысында көтерген мәселелерін ескеру қажет екеніне назар аударды.

Сондай-ақ Үкімет басшысы министрлер мен әкімдердің халықпен кездесуін бағалау критерийлерін әзірлеуді тапсырды, олардың нәтижелері Үкіметте үнемі қаралып отыратын болады.

Тегтер: