СІМ соғыс аймағында жүрген 14 қазақстандықтың елшілікке жеткізілетіні туралы ақпаратты теріске шығарды
Сыртқы істер министрлігі адвокат Мейірман Шекеевтің бүгін Украинадағы соғыс аймағында жүрген 14 Қазақстан азаматы Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жеткізілетіні туралы ақпаратты растаған жоқ.
Астана, NEGE. Ведомствоның ресми өкілі қақтығыс аймағындағы Қазақстан азаматтарының өтініштері бойынша ресейлік тараппен түрлі деңгейдегі жұмыстар әлі жалғасып жатқанын мәлімдеді.
«Әлеуметтік желілерде бейнеүндеу жариялаған азаматтарға көмектесу үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда. Оларды елге қайтару мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ СІМ өкілдері жедел желіге келіп түсетін әр өтініштегі ақпараттың мұқият тексерілетінін, тексеру аяқталғаннан кейін қалыптастырылған тізім ресейлік тарапқа жолданатынын хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде соғыс жүріп жатқан аймақтарда жүрген қазақстандықтардың елге оралуға көмек сұраған өтініштері тараған еді. Олардың арасында 2006 жылғы азаматтар Айнабек Келдібек пен Алмаз Қайсар бар. Айнабек Келдібектің жақындарының айтуынша, ол Ресейге жұмыс істеуге барған. Ал Алмаз Қайсар әскери полигонда жүргенін және Украинадағы соғысқа жіберілуіне бірнеше күн қалғанын айтқан.
Қақтығыс аймағындағы қазақстандықтардың мәселесімен айналысып жүрген адвокат Мейірман Шекеев бүгін алғашқы 14 азамат Ресейдегі Қазақстан елшілігіне жеткізілетінін хабарлаған болатын.