СҚО-да кен орнына апаратын кірме жол құрылысы 8 жылдан бері әлі аяқталмаған: басқарма басшысы күдікке ілінді
Қаржылық мониторинг агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы құрылыс кезінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Астана, NEGE. Ведомство ақпаратынша, 2017 жылы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «Akcent KZ» ЖШС-мен шарт жасасқан. Компанияға Қазақстандағы жалғыз әрі Орталық Азиядағы ең ірі қалайы кен орны саналатын «Сырымбет» кен орнына дейін теміржолдың кірме жолын салу міндеті жүктелген. Бұл жобаны «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында іске асыру жоспарланған. Мемлекеттік сатып алудың жалпы құны 1,4 млрд теңге болған.
Бастапқыда құрылыс 2018 жылы аяқталады деп жоспарланған. Алайда жобаны іске асыру мерзімі бірнеше рет ұзартылып, нысан құрылысы сегіз жыл өтсе де әлі аяқталмаған.
«Нәтижесінде іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың құны 380 млн теңге болды. Іс бойынша мердігер ұйымның басшысы және Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бұрынғы басшысы күдікті ретінде танылды», – делінген ҚМА хабарламасында.
Сот санкциясымен 3 пәтер мен автотұрақ орнына тыйым салынды.