19 Желтоқсан 15:52
...

СҚО-да қайта жаңғыртудан кейін әмбебап теннис орталығы ашылды

СҚО әкімдігі
Фото: СҚО әкімдігі

Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында ауқымды қайта жаңғыртудан кейін әмбебап теннис орталығы өз жұмысын қайта бастады.

Корттарда кешенді жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жабындар мен инженерлік жүйелер толық жаңартылды. Нәтижесінде спорт нысаны халықаралық стандарттарға сай болып, түрлі деңгейдегі жарыстарды қабылдауға дайын.

Жаңартылған нысанды Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Қазақстан Республикасы Теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев арнайы барып көрді.

СҚО әкімдігі
СҚО әкімдігі

Аталған теннис орталығы 2018 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған. Алайда бірнеше жылдан кейін корт жабындарының бұзылуы мен дренаж жүйесінің істен шығуы салдарынан нысан ұзақ уақыт бойы апатты жағдайға жақын күйде болды. Облыс әкімі атап өткендей, қайта жаңғырту жұмыстары орталықты өңірдің белсенді спорттық өміріне қайта қосты.

Қазіргі таңда спортшылардың иелігінде 4 жабық және 3 ашық корт, сондай-ақ 1002 орындық көрермендер трибунасы бар. Жөндеу жұмыстарынан кейін орталық заманауи талаптар мен қауіпсіздік нормаларына толық сәйкес келеді.

«Құқықтық нормаларға сәйкес нысанды бірден мемлекеттік меншікке беру мүмкін болмады, сот процестері жүргізілді. Тек осы жылдың жазында теннис орталығы мемлекет меншігіне өтті, содан кейін жергілікті бюджет есебінен кешенді жөндеу жұмыстары басталды. Бүгінде бұл – болашақ чемпиондарды дайындауға мүмкіндік беретін заманауи спорт алаңы», – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Мемлекет басшысы балалар мен бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен. Осы бағытта теннисті білім беру саласында да дамыту жоспарланып отыр. Облыс әкімдігі мен ҚР Теннис федерациясының қолдауымен алдағы уақытта мектеп лигасын құру, сондай-ақ 10 мектепте үлкен теннис секцияларын ашу көзделуде.

СҚО әкімдігі
СҚО әкімдігі

Федерация вице-президентінің айтуынша, жобаның басты мақсаты – бастауыш сынып оқушылары үшін теннис сабақтарын қолжетімді ету және спортшылардың даму жолын жүйелі түрде қалыптастыру.

«Бұл – маңызды қадам. Біз 1–3 сынып оқушыларына арналған жаттығу үдерісін жолға қоямыз: аптасына үш рет, әрқайсысы бір сағаттан. Кейін фестивальдер мен турнирлерді тұрақты түрде өткіземіз. Балалар облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатыса алады», – деді Диас Досқараев.

Салтанатты ашылу рәсімінде алғашқылардың бірі болып ракетканы облыс әкімі мен федерация вице-президенті қолдарына алды. Қазіргі таңда орталықта шамамен 300 адам тұрақты түрде жаттығады. Ашылу күндері мұнда облыс әкімінің кубогына арналған жарыстар өтіп жатыр. Турнирге Астана, Алматы, Көкшетау және Қарағанды қалаларынан келген 64 жас спортшы қатысуда.

СҚО әкімдігі
СҚО әкімдігі

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 2 мыңнан астам спорт нысаны жұмыс істейді, оның 43-і биыл пайдалануға берілген. Өңірде теннисті дамыту басым бағыттардың бірі саналады. Қазіргі уақытта облыс бойынша шамамен 400 адам тенниспен айналысады, ал жергілікті спортшылар республикалық жарыстарда тұрақты түрде өнер көрсетіп жүр.