СҚО-да екі КамАЗ бен үш жеңіл көлік соқтығысып, үш адам қаза тапты
Жантүршігерлік жол апаты 15 қазан таңертеңгі уақытта республикалық маңызы бар Астана – Петропавл автожолында, Кременчуг ауылының маңында болған.
Астана, NEGE. Облыстық полиция қызметінің хабарлауынша, үш жеңіл автокөлік пен екі КамАЗ соқтығысып, салдарынан жеңіл көліктердің бірінің үш жолаушысы алған жарақаттарынан көз жұмды. Көлік жүргізушісі мен тағы бір жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді.
Полиция екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза табуына әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
«Өзге көлік құралдарының жүргізушілері зардап шеккен жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайларын жан-жақты, толық әрі объективті анықтау мақсатында тергеу әрекеттері жүргізіліп, сараптамалар тағайындалды», – деп хабарлады Тайынша ауданы полиция бөлімінің бастығы Дәурен Ибраев.
Полицейлер жүргізушілерді тұман, көктайғақ және көріну мүмкіндігі шектелген жағдайда жылдамдықты төмендетіп, жолда барынша мұқият болуға шақырады.