«СҚ-Фармация» басшысы болып Ерхат Есқалиев тағайындалды
ҚР Премьер-Министрінің келісімімен Есқалиев Ерхат Серікұлы «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі хабарлады.
Ерхат Есқалиев 1976 жылы Алматы қаласында туған. «Братьев Карич» университетінің Банк ісі және сауда академиясын, «Әділет» жоғары құқық мектебін, Халықаралық бизнес академиясын, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Халықаралық бизнес мектебін бітірген.
Түрлі жылдары Қазақстанның Даму Банкінде басқарушы директор, ҚР Индустрия және сауда министрлігінің вице-министрі, «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясының логистика жөніндегі вице-президенті, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорында көлік және логистика салалық дирекциясының директоры, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көлік логистикасы ішкі комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
Естеріңізде болса, Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмасына сай «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Берік Шәріп пен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов қызметінен босатылған болатын.