Сирек кездесетін клиникалық жағдай: қыз балада оқшауланған кеңірдек өңештік жыланкөз анықталды
Тамыз айында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына Талдықорған өңірінен жоспарлы түрде сұйықтықты қабылдағанда үнемі шашалу, жөтел және жиі пневмонияға шалдыға беру шағымдарымен 4 жасар қыз бала келіп түсті.
Алматы, NEGE. Анасының айтуы бойынша, бала туылғаннан бері су ішкенде тұншығып, жиі пневмониямен ауырған. «Біз үнемі пневмония бойынша ем алдық. Антибактериалдық терапиядан кейін пневмония біраз уақытқа дейін жойылғандай болады. Сосын қайта басталады. Су, шәй сияқты сұйықтықты ішкенде шашалу осы күнге дейін сақталды», – дейді Еленаның анасы Юлия Журавлева.
Кеңірдек өңештік жыланкөз (фистула) тек осы жылы КТ түсіру кезінде анықталған. Педиатрия орталығы дәрігерлерімен телемедицина арқылы кеңес жүргізілгеннен кейін бала жедел түрде Педиатрия орталығына әрі қарай тексеру және емдеу тактикасын шешу үшін жіберілді.
Кеңірдек өңештік жыланкөз – кеңірдек пен өңеш түтігінің арасындағы тесіктің бітіспеуі салдарынан пайда болатын туа біткен ақау. Туа біткен кеңірдек өңештік жыланкөз эмбриогенездің 4-6-шы аптасында бастапқы ішек пен тыныс алу түтігінің толық бөлінбегендігінен қалыптасады. Кеңірдек пен өңеш арасындағы туа пайда болған жыланкөз 3000 жаңа туған нәрестелердің 1-інде кездеседі. Оқшауланған фистулалар өңештің барлық даму аномалияларының 3-4% құрайды. Қосарланған патологиялардың ауыр түрлерінің бірі – кеңірдек-өңештік жыланкөз.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына түскеннен кейін кішкентай пациентке кешенді зерттеулер жүргізілді: Өңешті рентгендік контрастты зерттеу, видеоэзофагогастроскопия, фибробронхоскопия. Зерттеу қорытындысы бойынша сирек кездесетін туа біткен кеңірдек-өңештік жыланкөз диагнозы қойылды.
Операция алдындағы дайындықтан кейін мойын медиастенотомия, кеңірдек өңештік фистуланы жою отасы жасалды. Операция бір сағаттан аса уақытқа созылды.
Отаны Педиатрия орталығының білікті дәрігерлері, өз ісінің тәжірибелі мамандары: хирургиялық блок басшысы, м.ғ.к. Хаиров Константин Эдуардович, №1 хирургия бөлімінің меңгерушісі Қалабаева Мөлдір Махсутханқызы, эндоскопист-дәрігер, хирург Шыланбаев Нышанбек Ратбекұлы жасады.
«Бұл педиатрияда ерекше, сирек кездесетін жағдай. Біздің тәжірибеде алғаш рет кездесіп отыр. Әдетте бізде қосарланған өңеш стенозы мен өңеш атрезиясы жиі кездеседі. Оқшауланған кеңірдек өңештік жыланкөз – бұл сирек кездесетін туа біткен ақау. Қарапайым тілмен айтқанда, трахея мен өңеш арасындағы тесікке байланысты тамақ үнемі өкпеге түседі. Соның салдарынан пневмония және қабыну орын алады. Бірнеше клиникаларда жүргізілген рентген сәулелері оның бар екенін көрсетпеген. 4 жасқа дейін балада бұл патология анықталған жоқ. Операция сәтті жасалып, қазір кішкентай пациентіміз үйіне шығуға дайындалуда. Қазіргі уақытта бала сұйықтықты қабылдау кезінде шашалмайды. Көңіл-күйі жақсы. Аман-есен. Тігісі де жазылды», – деді операция жасаған дәрігері Константин Хаиров.