Сырдарияда соңғы жеті жылда болмаған 70 сантиметрлік мұз тұтасып тұр
Қызылорда облысында алдағы сең жүру кезеңіне дайындық басталып кетті. Қыс ерте түсіп, аязды ауа райы сақталғандықтан Сырдарияда соңғы 7 жылда болмаған 70 сантиметрлік мұз тұтасып тұр. Сала мамандары шамамен наурыздың басында сірескен мұздың көбесі сөгіледі деп болжайды, деп хабарлайды 24.kz
.
Қызылорда. NEGE. Төтенше жағдай қызметі осыған байланысты жаттығуларын бастап кетті. Соңғы 3 жылда Сырдарияның теңізге құяр сағасы ғана ұстасып, өзеннің оңтүстік аудандардағы бөлігінде мүлде мұз қатпаған еді. Ал қазір Жаңақорғаннан Аралға дейінгі аралық толық сіресіп тұр. Дария бастауынан мол су келемін дегенше қалың мұз ерімесе аймақ үшін қауіпті жағдай туындауы мүмкін. Сондықтан судың жолын ертерек аршып қойған жөн. Тактикалық жаттығу жиынына жүзден астам құтқарушы мен 20 шақты техника жұмылдырылды. Әуелі «Қазавиақұтқару» мекемесінің жасағы мұз құрсауында қалған балықшыларды әуеден келіп алып шықты. Кинологтар мен із кесушілер жоғалғандарды түгендеп, қауіпсіз жерге шығарып болғасын су тасқынын болдырмау шараларына кірісті.
Бақыт Ембергенов, жедел құтқару жасағының басшысы:
- Тікұшақтар бар бізде Еврокоптер және МИ-8. Сонымен қатар ауамен көтеріліп жүретін аппарат пен қайықтарымыз бар. Және де қармен жүретін техника бар. Мұздың үстінде пегаспен суда да, мұзда да тоқтамай жүре береді.
Жалпы Сырдарияның 56 тұсында су жырып кету қаупі жоғары. Сондықтан тәулік бойы мониторинг жүргізетін 10 гидробекет қойылып, бөгеттерді нығайтуға қажет инертті материалдар жеткізілді.