«Silk Way Star» – Азия әуенінің үні

Биыл тамызда Астанада алғашқы азиялық вокалдық байқау – «Silk Way Star» өтеді. Бұл жөнінде халықаралық музыкалық жоба басталар алдында «Қазмедиа орталығы» студиясында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Жоба Қазақстан Президентінің Телерадиокешені мен Қытайдың CMG Медиакорпорациясы арасындағы «Silk Way Star» халықаралық жобасын құру туралы келісім аясында жүзеге асырылды. Бұл келісімге 2025 жылғы 16 маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астанаға ресми сапары кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай лидерінің қатысуымен қол қойылды.

Байқауға Әзербайжан, Армения, Грузия, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Кореядан, ұзын-ырғасы 12 елдің өкілдері қатысады.
Музыкалық шоу түсірілімдері 20 тамызда басталады. Гранд-финал 22 қарашада «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасында және байқауға қатысушы елдердің жетекші арналарында тікелей эфирде көрсетіледі.
Жоба 10 эпизодтан тұрады, олар – 9 жазба және тікелей эфирдегі финалдық шоу. Көрермендерді бірегей дуэттер, ұлттық хиттер, мәдениеттер тоғысуы, сондай-ақ түрлі әсерлі оқиғалар күтіп тұр. Бір шығарылымның хронометражы – 100 минуттан асады, ал трансляция қазақ, қытай және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
Дауыс беру халықаралық жүйе бойынша – 1-ден 12-ге дейінгі ашық балл қою арқылы өтеді. Алғашқы тоғыз эпизодта шешімді Қытай мен Орталық Азия елдерінің кәсіби қазылар алқасы қабылдайды. Гранд-финалда жеңімпазды 50% қазылар, 50% көрермен дауысы негізінде анықтайды.
Іріктеу кезеңдерінде (2, 3, 4, 6 және 8-бөлімдерде) әр жолы бір қатысушыдан шығып отырады. Финалға 7 орындаушы өтеді. Дауыс беру нәтижесі бойынша ең үздік 5 қатысушы және екі ұйымдастырушы елдің өкілдері финалда сайысады.

Байқау қатысушылары қатарында белгілі өнерпаздармен бірге жас таланттар да бар. Олардың ішінде: Чжан Хэсюань (Қытай) – «Жаңа ер әнші» сыйлығының иегері, The Voice of China қатысушысы;
Тамга (Қырғызстан) – рэп және R&B орындаушы, «Майда» хитінің авторы;
Фахриддин Хакимов (Тәжікстан) – Голос Россия және X-Factor Беларусь жобаларының қатысушысы;
Саро Геворгян (Армения) – «Новая волна 2021» байқауының жеңімпазы;
Сабина Заде (Әзербайжан) – әнші және актриса, «Голос Азербайджана» жартылай финалисі;
Мадинабону Адылова (Өзбекстан) – джаз ансамбльдерінің солисі, халықаралық байқаулардың жеңімпазы;
Kandis (Оңтүстік Корея) – әйелдерден құралған R&B/нео-соул/хип-хоп тобы, Playground альбомының авторы;
Автандил Абесламидзе (Грузия) – X Factor Georgia және Voice of Astana жеңімпазы;
Довран Шаммыев (Түрікменстан) – әнші, композитор, «Алтын Асыр» сыйлығының иегері;
Мишель Джозеф (Моңғолия) – Dulaan Baina және Bundan Ulaan клиптерінің авторы;
Yazmin Aziz (Малайзия) – халықаралық байқаулардың жеңімпазы, Mobile Legends ойынға арналған Kita Rockstar әнінің авторы;
ALEM (Батырхан Маликов) (Қазақстан) – әнші, композитор, Ninety One тобының мүшесі, «Голос Казахстана» финалисі, X-Factor жартылай финалисі.

SILK WAY STAR гранд-финалы халықаралық тікелей эфирде өтеді және жылдың ең жарқын музыкалық оқиғаларының біріне айналмақ. Жеңімпаз «SILK WAY STAR» атағын алып, өз шығармашылығын әлемдік сахнада көрсету мүмкіндігіне ие болады.
«Бұл біз үшін жаңа тәжірибе. Мұндай ауқымды жобаны ұйымдастыру мен өткізу үлкен күш-жігерді талап етеді. Біздің команда шығармашылық, табандылық және жоғары ынтамен жұмыс істеп жатыр. Бұл жоба – «Jibek Joly» мен «CMG» медиа корпорациясының ынтымақтастығының нәтижесі. Біз құрлық таланттарына жаңа алаң ұсынғанымызды мақтан тұтамыз. Қатысушылар – мәдениет, бейбітшілік, музыка, ұлттық дәстүрлер және ең бастысы халық рухының елшілері», – деді «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасының директоры Еркежан Күнтуған.
Жоба мәдени алмасудың және музыка арқылы халықаралық диалогтың маңызды алаңына айналып, Азияның музыкалық дәстүрлері мен заманауи үрдістерін бүкіл әлемге танытады.
Премьерасы «Jibek Joly», «Silk Way» және CCTV-3 телеарналарында көрсетіледі. Жобаның жалпы аудиториясы 1 миллиардтан аса көрерменді қамтымақ.