USD
USD
USD

«Сиқыршы»

Аргентина құрамасы хорватиялықтарды жауапсыз үш голмен ойсырата жеңді. Осылайша «сиқыршы» Месси бастаған аргентиналықтар чемпиондыққа бір табан жақындады.

«Сиқыршы»
Фото: NEGE.kz

Әлем чемпионаты басталғанда арабтардан ұтылып қалып, сынның астында қалған еді. Бірақ аргентинаның бас жаттықтырушысы, Леоның аттасы – Лионель СКАЛОНИ сасқан жоқ.

«Біз жеңе де білеміз, жеңілісті де көтереміз. Сауд Арабиясынан ұтылып қалғанда бір ауыз сөз айтқанымыз жоқ. Өткен жылы финалда Бразилияны жеңгенде де асып-таспадық. Керісінше, ойын біткен соң Месси, Неймар және Парадестің қандай үлгі көрсеткенін білесіздер», – деді сабаз Скалони.

Хорваттарға орнымыздан тұрып қол соқсақ та жарасады. Бас жаттықтырушы Златко ДАЛИЧТІҢ өзі «сиқыршыны» қалай тоқтатуды ойыншыларына айтып жатқанда да оған тамсануды тоқтатпаған көрінеді.

Скалони көреген екен, хорваттардың ребусын оп-оңай шешіп тастады.

Ойынның 34-минутында хорват қорғаушылары «жас пері» АЛЬВАРЕСТЕН көз жазып қалды да, ЛИВАКОВИЧ оны шалып жықты. Пенальти! Поляктарға соға алмаған айып добы МЕССИГЕ тәуір сабақ болған екен, бұл жолы қақпашыға еш мүмкіндік қалдырмады. Құдыретті сол аяғымен тепкен «сиқыршының» добы тоғыздықтың тұсындағы торды тесіп жібере жаздады. 1:0!

Осылайша Месси Лотар МАТТЕУСПЕН теңесті. Маттеус әлем чемпионаттарында 25 гол соққан. Бұдан бөлек, Лео құраманың үздік сұрмергені атанды. Бұл қарқынымен Лео футболдағы рекорд атаулыны бұзбай тынбайтын түрі бар.

Бойы Мессиден де аласа, бірақ ойы өсіп келе жатқан Альварес туралы көп нәрсе айтуға болады. Хорват қорғаушылары Мессиді қанша айналсоқтаса да, доп Альварестің аяғынан табыла берді. Ал Альварес батыл ойыншы екен, алғашқы голдан көп ұзамай-ақ қорғаушылар ЮРАНОВИЧ пен СОСАНЫ оп-оңай алдап өтіп, Ливаковичтің қақпасына тағы бір гол соқты. 2:0!

Мәселе осымен шешілді деуге болар еді. Алайда Нидерландымен болған ойын Аргентинаға үлкен сабақ. 2:0 есебімен жеңіп жатып, екі гол жіберіп алған. Бірақ бұл жолы Аргентина ондай қателік жіберген жоқ.

Үшінші голды тағы да Альварес соқты. Бірақ мойындауымыз керек, еңбек – Мессидікі.

Еліктің асығындай шымыр Месси хорват қорғаушыларын қақпа маңында олай да, былай да алдап, Альварестің тура аяғына доп салып берді. Есеп – 3:0!

Ойын барысында үнемі қабағы қату жүретін, көп күле бермейтін «сиқыршы» Мессидің матч аяқталғанда қуанышында шек болмады. Бұл матч Месси үшін шешуші ойын болғаны анық. Аргентина финалда!  

Бүгін түн аунағанда Франция мен Марокко құрамалары ойнайды.  

Қазір оқып жатыр

«Біз мұнда отбасымызбен демаламыз»: Алматы облысында 12 мыңға жуық адам сенбілік өткізді

.

Тоқаев Лукашенко мен Путинге қазақстандықты босатуға көмектескені үшін алғыс айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев

Түркістан облысында екі көпірді су шайып кетті

.

Алматыда жаппай төбелес кезінде екі оқушы көз жұмды

жаппай тобелес