«Сыйға» тартылған ТЭЦ: «Екібастұз ЖЭО-ны» Клебанов НЕГЕ 1 теңгеге бағалады?

NEGE тілшісі «ЦАЭК»-ке сұрақтар жіберген болатын. Басшыларының мақұлдауынан өткен жауаптардың нұсқасы осындай болды. «ЦАЭК» жіберген жауапқа сүйенсек, Екібастұз халқы жылудан айырылып, мұз құрсанып қалған кезде олигарх А.КЛЕБАНОВТЫҢ: «ТЭЦ-ті 1 теңгеге ала қойыңдар», – деуінде үлкен мән жатқан сияқты.
– «Екібастұз жылу энергия орталығы» «Павлодарэнергоға» қарайды және бәрінің негізгі басшылығы – «ЦАЭК». Ал оның басты активтері (47,1%) А.Клебанов, (47,1%) С.Канға тиесілі. Антикор «Екібастұздағы апатқа жемқорлық себеп» деп отыр. Дегенмен басты акционерлердің бұл апатқа жауаптылығына қатысты ешқандай ресми түрде мәлімдеме жасалған жоқ. Екібастұз тұрғындары тарифтерді толық төлеп келген. Ендеше жергілікті тұрғындардың моральдық, материалдық шығындарына кім жауап береді?
– Негізінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілінің түсініктемесінде, тек бір құрамдас бөлік емес, тұтастай алғанда, әр салада ішкі сыбайлас жемқорлық әрекеттері байқалған ұйымдардың бар екендігі туралы болды.
Ал бұл апатқа жауапты адамдарды сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша уәкілетті органдар анықтайды.
– Екібастұз ЖЭО 1956 жылы құрылған. Демек 66 жыл болды. Соңғы реконструкция жұмыстары қашан жүргізілді? Жаздан бері ТЭЦ мәселесі айтылып келсе, «ЦАЭК» неге қыста бұл апаттың болуына жол берді?
– Апат жылу электр орталығында емес, жылу желілерінде болды. Өйткені оның құбырлары өте қатты, нақты айтсақ, 90%-ға тозып кеткен.
Жалпы, алдағы қыс мезгіліне уақытылы және сапалы дайындалу үшін жылыту маусымы аяқталғаннан кейін станция жазғы жөндеуді көктемде бастайды. ЖЭО-ның негізгі және қосалқы жабдықтарын қарқынды жөндеу жұмыстары сол уақытта болады. Станцияның негізгі жабдықтарына күрделі жөндеу жұмыстары жыл сайынғы кестеге сәйкес жүргізіледі.
– Екібастұз ЖЭО учаскесінің басшысы қайтыс болды. Бұл фактор осы апатқа жауапты акционерлердің емес, қарапайым қызметкерлерді кінәлі ету процесі жүріп жатқанын білдірмей ме?
– Желтоқсанның 4-і күні кешке «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС қызметкері гаражда өз көлігінен өлі күйінде табылды. Полиция департаментінің мәліметінше, оның өліміне көмірқышқыл газынан улану себеп болған. Қайтыс болған қызметкер қосалқы жабдықтар мен айналмалы механизмдерге жауапты жөндеу бөлімін басқарды. Бұл бөлімнің апат болған қазандық қондырғыларына қатысы жоқ.
Осы тұста айта кетейік, «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС марқұмның отбасына барлық қажетті көмекті көрсетті.
Коллаж: NEGE
– Апатқа ұшыраған ТЭЦ-ті Клебановтың «Мемлекетке 1 теңгеге сатуға дайынмын» деген сөзін қалай түсіндіресіздер? Бұл ең басты акционер, директорлар кеңесінің төрағасының осындай жауапты тұста жалтарғысы келгенін білдірмей ме?
– Негізі, 2019 жылдың 24 маусымында-ақ «Павлодарэнерго» АҚ Екібастұз қаласының әкімдігіне «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС-не мемлекеттік қолдау шараларын көрсету туралы өтінішпен хат жолдаған. Бірақ олардан оң жауап болмады.
Сондай-ақ 2022 жылдың 12 шілдесінде «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС, ал 2022 жылдың 5 тамызында және 19 қыркүйегінде «ЦАЭК» АҚ Екібастұз қаласы мен Павлодар облысының әкімдігіне «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС мүлкін сыйлық ретінде қабылдау мүмкіндігін қарау туралы ұсыныспен жазбаша өтініш жолдады.
«ЦАЭК» корпорациясы «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС капиталына мемлекеттің қатысу идеясын қолдауды әлі жалғастырады және бұл мәселені қарау үшін Үкіметке өтініш беруге дайын.