18 Қазан 16:58
...

Сыйақы, отбасыларға көмек: Павлодар облысында Республика күні қалай аталып өтеді?

Фото:
Республика күнін мерекелеу бойынша өңірімізде өтетін шаралар туралы Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Балтабай Қаппасов айтты, деп хабарлайды 

@Pavlodarnews.kz.

– Басқармамыз облыстың мемлекеттік органдарымен бірлесіп, Республика күнін мерекелеу бойынша жоспар әзірледі. Қазірдің өзінде іс-шаралар жүзеге асырылуда. Жалпы, мереке күні алаңдарда, қалалар мен аудандардағы саябақтарда концерттер, спорттық және басқа да шаралар өтетін болады, - деді Балтабай Қаппасов.

Сондай-ақ мерекеге орай «Қамқорлық» айлығы аясында әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарды қолдау мақсатында «Жанашыр жүрек» акциясы өтуде. 

– Бүгінде 16 мыңнан астам адамға түрлі көмек көрсетілді. Егде жастағы адамдар, мүмкіндігі шектеулі жандар, көп балалы, аз қамтылған отбасылар көмек алуда. Демеушілер есебінен   96 миллион теңгеге әртүрлі көмек көрсетілді. Біреулер отбасыларға азық-түлік себетін беруде, - деді Балтабай Қаппасов.

Демалыс күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, «Таза табиғат» атты экологиялық акциялар, жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту үшін бос орындар жәрмеңкесі өтеді. 

– Өңірдегі маңызды шаралардың бірі 20 қазан күні дарынды 100 оқушыға арналады. Жыл сайынғы «Тәуелсіздік Ұландары» премиясы табысталады. Сыйақы көлемі 50 айлық есептік көрсеткішті құрайды, - деді Балтабай Қаппасов.

Басқарма басшысының айтуынша, оған қоса, 21 қазан күні жыл сайынғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» премиясы табысталады. Мұнда кәсіби, ғылыми, шығармашылық қабілеттерін көрсеткен, қоғамдық белсенділігі, спорттық жетістігі бар 20 талантты жас азамат марапатталады. 10 номинацияда 2 жеңімпаздан марапатқа ие болып, 500 мың теңге сыйақы беріледі. 

– Мереке аясында жаппай әнұранды орындайтын «Қыран елім - Қазақстаным» патриоттық акциясы өтпек. Мерекеде видеоқұттықтаулар, облысымыздың және еліміздің өркендеуіне үлесін қосқан еңбек ардагерлерін құттықтаулар болады, - деді Балтабай Қаппасов.

Одан бөлек, 25 қазанда ҚХА этномәдени бірлестіктерінің жастары арасында «Өнеріміз саған, Қазақстан!» патриоттық әндер фестивалі ұйымдастырылмақ. 

Айта кетейік,  Республика күніне орай облысымызда барлығы 300-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған.

Тегтер: