22 Маусым 11:58
...

Шу ауданында жол жөндемеген мердігерге 2 млн теңге айыппұл салынды

жол жөндеу
Фото: gov.kz

Жамбыл облысында республикалық маңызы бар автожолдағы кемшіліктерді уақытылы жоймағаны үшін мердігер ұйым 1,9 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Шу аудандық сотының баспасөз қызметі.

АЛМАТЫ, NEGE. Сотта қаралған әкімшілік іс республикалық маңыздағы «Мерке — Шу — Бурылбайтал» автожолындағы ақауларды жою бойынша міндеттелген мердігер ұйымға қатысты болды.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың ақпан айында аталмыш жолдың Шу ауданы аумағындағы бөлігіне тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері 22 кемшілікті анықтаған.

Сәуір айында бұл кемшіліктерді жою туралы нұсқама беріліп, оны орындау мерзімі 2025 жылдың мамырына дейін белгіленген болатын. Алайда, көрсетілген мерзімге қарамастан, кемшіліктер сол күйі жойылмаған.

Сотта ұйым өкілдері нұсқаманың кеші жеткізілгенін, жол белгілерін дайындау мен орнатудың қымбаттығын (шамамен 30 млн теңге қажет екенін), сондай-ақ субмердігер тарту қажеттігін алға тартып, істі тоқтатуды сұраған.

Алайда, сот бұл уәждерді негізсіз деп танып, заңды тұлғаның қаржылық қиындықтары немесе қосымша мердігер тарту қажеттігі оны әкімшілік жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті.

Нәтижесінде, ҚР ӘҚБтК-нің 464-бабы 3-бөлігіне сәйкес, мердігер ұйым кінәлі деп танылып, 500 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 1,97 млн теңге) көлемінде айыппұл салынды.