16 Сәуір 19:41
...

Шпекбаевтан редакциямызға келген соңғы жауап

Фото:

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2020 жылы компьютерлер, ноутбуктер және планшеттер сатып алу үшін Үкімет резервінен білім басқармаларына бөлінген қаржының ұрлануына қатысты Қазақстанның бес өңірінде алты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. 

Осыған байланысты Агенттіктің басшысы А.Шпекбаевқа ресми сауал жолдағанбыз. Сауалымызға төрағаның бірінші орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Н.Жақсымбетовтен жауап келді.

Жақсымбетовтің жазуынша, агенттіктің аумақтық департаменттері оқушыларды қашықтан оқыту үшін компьютерлік техниканы сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша 8 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

«Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласында – 1 іс, Шығыс Қазақстан облысында – 1 іс, Батыс Қазақстан облысында – 1 іс, Солтүстік Қазақстан облысында – 2 іс, Қарағанды облысында – 1 іс, Қызылорда облысында – 1 іс, Павлодар облысында – 1 іс тексеріліп жатыр», – деп жауап жауап берді Жақсымбетов.

«Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасына байланысты қандайда бір қылмыстық іс қозғалды ма?» деген сауалымызға сотқа дейінгі тергеудің тіркелгенін мәлімдеді.

«2020 жылдың 1 сәуірінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2020 жылдың тамызы мен желтоқсаны аралығында техникалық ерекшелікке сәйкес келмейтін компьютерлер мен ноутбуктер сатып алу арқылы бюджет қаражатын жымқыру күдігі бойынша «Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы» ММ басшысының және басқа да тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеуді тіркеді».

Естеріңізде болса, Алматы облысы Білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова 37 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталған.

М.Омарова

Тергеу материалдарына қарағанда, Майгүл Омарова 2020 жылдың қазан-қараша айларында жеке кәсіпкермен жалпы сомасы 406 миллион теңгеге 2 522 дана ноутбук жеткізуге және пандемиямен күрес бойынша дағдарысқа қарсы шаралар аясында сатып алып, жеткізілген ноутбуктерді кедергісіз қабылдауға бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу шартын жасасқан. Кейін бұл қылмысы әшкере болып, қылмыстық іс қозғалған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы облысы Білім басқармасының басшысына қатысты қылмыстық істі тергеу қай деңгейде екені әзірге жарияланбайтынын жеткізді.

«2020 жылдың 1 ақпанында Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі облыстық білім басқармасының басшысын және осы іске қатысты басқа да тұлғаларды әшкереледі. Осы ретте, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері, егер бұл тергеу мүдделеріне қайшы келмесе және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзумен байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен ғана жария етілуі мүмкін», – дейді жауапта.

Коллаж: Nege.kz

Бүгін Алик Шпекбаевтың орнына Марат Ахметжанов агенттікке төраға болып келді. Шпекбаевтың кезінде көптеген сауалымызға жауап ала алмағанбыз. Ал енді Ахметжановтың қаншалықты ашық болатынын уақыт көрсетеді.

Тегтер: